Пхенчхан-2018: Қазақстан қысқы олимпиаданы 1 қола медальмен аяқтады

Бүгін Пхенчхан олимпиадасында соңғы медальдар сарапқа салынды. Жалпы командалық есепте 14 алтын, 14 күміс, 11 қоламен Норвегия бірінші орынға көтерілді. Екінші орынды Германия (14-10-7), үшінші орынды - Канада (11-8-10) иеленді. Үздік бестікте - АҚШ (9-8-6) пен Голландия (8-6-6) да бар.

Әрқайсысы бір-бір қола медаль иеленген Қазақстан, Латвия және Лихтенштейн жалпы есепте 28-орында тұр.

Ресей олимпиадалық атлеттері 2 алтын, 6 күміс және 9 қоламен 13-орын; Беларусь құрамасы 2 алтын және 1 күміспен 15-орын; ал Украина командасы 1 алтынмен 22-орын иеленді.

Азия елдерінен Оңтүстік Корея (5-8-4) 7-орын, Жапония (4-5-4) - 11 орын, Қытай (1-6-2) - 16-орын алды.

Пхенчхан олимпиадасында Қазақстан құрамасына жалғыз қола жүлдені фристайлдың могул түрінен жарысқа қатысқан Юлия Галышева әперді.

Пхенчхан олимпиадасында Қазақстан медаль күткен фристайлшы Дмитрий Рейхерд те, шаңғышы Алексей Полторанин да, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де үздік үштікке ілінген жоқ. Осы ойындарға үш жыл бойы Голландияда жаттыққан шорт-трекшілер де финалға шыға алмады.

Дереккөз: Азаттық