Дұрыс әнұран қойылмағасын қазақ спортшылары ел әнұранын өздері айтты
2017 ж. 21 қараша
5679
2
Жеңімпазды жанкүйерлері желпінтті! Ресейдің Сочи қаласында самбодан әлем чемпионы атанған жерлесімізді марапаттау кезінде ескі әнұран қосылып кетіп, қазақ жігітінің намысына тиген, – деп хабарлайды КТКарнасы.
Бұл жерлесіміз Есет Қуанов пен Ресейдің атақты палуаны Аслан Мудрановтың Сочиде алтын медал үшін таласып жатқан сәті. 62 келіде белдескен қос мықты да қарсыластарын жығып, финалға өткен болатын. Көпшілік Мудрановты жеңімпаз деп танып отырғанда, ақтөбелік жігіт кездесудің аяқталуына небары 26 секунд қалғанда қарсыласын алып жықты.
Бірақ, Есет Қуанов алтыннан алқа тағынып, тұғыр төріне көтерілгенде ынғайсыз жағдайға қалды. Ұйымдастырушылар чемпионның құрметіне қойылуы тиіс еліміздің әнұранын ескі гимнмен шатастырып алған.
Алтын медаль иеленген спортшымыз бұрынғы әнұран қосылғанда басын шайқап оны өшіруді өтінгені жүзінен байқалып тұр. Залда отырған жерлестеріміз де шу ете қалды. Қателігін түсінген ұйымдастырушылар гимнді бірден сөндіргенімен, оның орнына жаңасын қосып бере алмады. Сондықтан спортшыларымыз “Менің Қазақстанымды” өздері хормен айтып шыққан.
«Әлем чемпионатын бірінші рет ұтып тұрған соң енді ыңғайсызданып қалдым. Сол өзіміздің спортшылар тірідей өз дауыстарымен әнұранды шырқап, көңіл-күйімді көтеріп жіберді. Көп рақмет, отандастарыма!» – дейді самбодан әлем чемпионы Есет Қуанов.
Ал, Есеттің бапкері ескі гимннің қалайша қосылып кеткенін түсіне алмай отыр. Айтуынша ту мен әнұранды ұйымдастырушылардың қолына апарып бергенбіз дейді. Тіпті, гимнді естіртіп, барлығын шұқып көрсеткен.
«Сол жерде отыратын диджейден кеткен қате деп ойлаймын. Күнде әлем чемпионы болып жатқан жоқ. Сол үшін әнұранға кішкене мұқият қараса екен деген тілек бар», – дейді бапкер Ақеділ Ұбаев.
Келеңсіз жайт үшін Ресейдің Самбо федерациясы кешірім сұрап та үлгерген екен. Дегенмен, Спорт министрлігі өз ішінде қызметтік тексерісті де бастап кетті. Егер ағаттық өзімізден кеткені анықталса, жауаптылар жазаланбақшы.
«Ұйымдастыру жағынан үлкен қателік кетті. Осы үшін енді біз федерациялармен жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, ұйымдастыру комитетіне қалай гимнді беру керек. Бәлкім бақылап отыратын адам керек шығар солардың қасында», – дейді Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тұғымбаева.
Бақылап отыратын адам расымен керек-ақ. Өйткені, бұл еліміздің символына жасалған алғашқы мазақ емес. Бұған дейін Кувейтте өткен мергендер сайысында топ жарған мергеніміз Мария Дмитриенконы марапаттау кезінде Бораттың сайқымазақ әуені қосылған болатын. Сондай-ақ Қостанай облысында шаңғы фестивалінің ашылуы кезінде мемлекеттік әнұран орнына Рики Мартиннің әні қойылған еді.