«Шымбұлақта» тау шаңғысымен сырғанау маусымы биыл ерте басталады
2017 ж. 31 қазан
2301
0
«Шымбұлақ» курортында тау шаңғысымен сырғанау маусымы биыл мерзімінен ерте басталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат курорт әкімшілігіне сілтеме жасай отырып.
«Тау шаңғысымен сырғанау тұжырымдамасы бүтіндей өзгертілген. Бұған дейін трассалар бір уақытта іске қосылатын еді. Енді курорт басшылығының шешімімен трассалар кезең-кезеңімен іске қосылмақ. Мысалы, биылғы маусымда бірінші «Солтүстік Талғар» трассасы ашылады, онда сырғанау бағасы 4000 теңге. Одан кейін шатқалдардың дайын болуына байланысты «Комби2», «Комби1» трассалары ашылады.
Айта кетейік, тарифтік саясат өзгерген жоқ, қызмет көрсету бағалары өткен жылдағыдай қалдырылды», делінген хабарламада. Курорт әкімшігінің хабарлауынша, 2017 жылдың жазында Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты Шымбұлақта келушілер саны рекордтық көрсеткішке жеткен.
Мысалы, тек бір күнде, 30 шілдеде курортта 8 724 адам болған. 2017 жылдың мамыры мен қыркүйек айлары аралығында 246 мың 527 адам аспалы жолды пайдаланған. Курорт әкімшілігі биыл тағы бір жаңалық енгізіліп отырғанын хабарлады.
Енді келушілер алғаш рет маусымдық скипасс ( сырғанау абонементтері, - ред) ала алады. Бұл абонементке қол жеткізгендер 2017-2018 жылдары күндіз және түнде де аспалы жолдарды және курорттың басқа да қызметтерін пайдалана алады. 10 қарашаға дейін барлық маусымдық сырғанауларға 25% жеңілдік беріледі.
«10 қарашаға дейін маусымдық абонементі: 115 000 тг (балаларға), 160 000 тг (жастар), 220 000 тг (үлкендер) сатып алуға болады. Жеңілдіксіз абонементтер бағасы 290 000 тг (үлкендер), 210 000 тг (жастар) және150 000 тг (балалар)», - делінген хабарламада. Шымбұлақта биыл жалға беру бөлмелерінің де саны артып отыр. «Қазіргі кезде үш тілде ( қазақ, орыс, ағылшын )шығатын жаңа сайт жасалу үстінде, мұнда фотолар,видеогалереялар және күнтізбе болады. Сайттың мобильді нұсқасы да жасалады, ол үшін мобильді қосымшалар үшін скипастар сатып алынады», - делінген хабарламада.