Дүбірлі халықаралық жарыстар бесігі
2017 ж. 27 қазан
4307
0
«МЕДЕУ» – ӘЛЕМДІК РЕКОРДТАРДЫҢ ҰСТАХАНАСЫ Ару Алматыдағы «Медеу» спорт кешені – жасанды мұз айдыны бар дүниежүзіндегі ең ірі спорт кешені екендігін мақтанышпен айта аламыз. Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 метр биіктікте орналасқан кешен 8 500 көрерменге арналған. «Медеу» табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жылы пайдаланыла бастады. 1972 жылы тұрғызылған осынау алып спорт кешенінің құрылысына В.З.Кацев, А.С.Қайнарбаев инженер С.Б.Матвеев бастаған білікті архитекторлар қатысқан-ды. Осынау алып кешеннің құрылысына атсалысқан онға жуық архитекторлардың еңбегі ел алдында еленіп, олардың барлығы дерлік 1975 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Конькишілерге арналған жасанды мұз айдынының ауданы 10,5 мың метрді құраса, жарыс жолының ені – 5 м, айналымы – 400 м. Айдынның ортаңғы бөлігі — хоккей ойыны мен мәнерлеп сырғанау үшін арнайылап жасалған. Сондай-ақ, 12,5 мың орындық кешенде 2 жүзу бассейні, спорт залы, мейманхана, асхана, кинозал, кітапхана және баспасөз орталықтары орналасқан. Яғни, «Медеуге» бас сұққан жан спортпен шұғылданып қана қоймай, кітап оқып, кино көріп рухани нәр алуына да мүмкіндік мол. «Медеудегі» жасанды мұз айдынының астыңғы жағындағы биікігі – 2,3 м 20 түрлі материалдар қабаты темір бетон тақтаның үстіне орналастырылған. Сондай-ақ, мұнда ұзындығы – 170 метрлік салқындатқыш темір құбырлар тартылған. Осынау айдын 8 тұғырға орнатылған 1600 қуатты шамдар арқылы жарықтанады. Ал, ортадағы фотофинишпен байланыстырылған жылдам жазатын электронды таблоның 30 мыңнан астам шамы 1 минут ішінде 6 мың түрлі бейнені көрсетуге мүмкіндігі бар. Жасанды мұздың қалыңдығы жазда 3-4 см-ді құраса, қыста 10-15 см-ге дейін жетеді. «Медеу» спорт кешенінің құрамына кіретін «Медеу» қонақ үйінің бір, екі орындықты және люкс бөлмелері бір мезгілде 376, ал жылына 10 мыңға жуық адамды қабылдай алады. Сенбі, жексенбі күндері «Медеу» мұз айдыны 9 мыңға жуық әуесқой конькишілер келеді. Мұз айдынында спринтерлік және классикалық көпсайыстан, т.б. спорт түрлерінен әр түрлі халықаралық жарыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Нәтижесінде дүниежүзілік, еуропалық және ұлттық рекордтар да жасалды. «Медеу» спорт кешені – тек спорт жарыстары үшін ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен қала қонақтарының әсем табиғат аясында тынығатын демалыс орны болып табылады. Осынау зәулім кешенде 17 жылдан бері дәстүрлі «Азия дауысы» халықаралық ән байқауы өткізіліп келеді. 1972 жылдан бастап, «Медеуде» 120 әлемдік рекорд орнатылған. Сондықтан да, мұз айдынды «әлемдік рекордтардың ұстаханасы» деп атауға толық негіз бар.
«Шымбұлақ» биік шыңға жетелейтін тау-шаңғылық курорты Шымбұлақтың – Алматы маңындағы Іле Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орналасқан тау-шаңғылық курорты екендігі баршамызға белгілі. Талғар асуының бөктеріндегі осынау спорттық кешен 1954 жылдан бастап тау шаңғысы спортшыларына қызмет көрсетіп келеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар курорт кеңес одағы кезінен бері шаңғышылар жаттығатын база ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда аталмыш кешен жаңғыртылып, заман талабына сай жасақталды. Жоғарыда атап өткеніміздей «Универсиада – 2017» шарасында спорт нысандарының көпшілігі дерлік өз ажарына ажар қосты. Халықаралық тау-шаңғы спорты федерациясының мақұлдауымен спортшыларға арналған жалпы жолдың ұзындығы екі есеге ұлғайтылып, көлемі одан әрі кеңейе түсті. Жарыс жолының ені – 25 метр, кеңістігі – 11-29 градустардың аралығында. Сондықтан шаңғышылардың ең жақсы жылдамдық көрсетуіне қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, Шымбұлақ өзінің техникалық сипаттамасы жағынан Еуропаның ең жақсы жарыс жолдарынан кем түспейді. Керісінше, қарының сырғанақтық сапасы жағынан оларды басып озады. Тау шаңғы трассаларының бойына арнайы қар зеңбіректері орнатылып, аспалы жолдардың болат арқандары да жаңартылған. Осыдан алты жыл бұрын Алматы мен Астана қалаларында өткен қысқы Азия ойындары қарсаңында Шымбұлақтағы шаңғы жолдары «Қарлытау» мұздығына дейін ұзартылды. Сонымен қатар, тау-шаңғы кешенінде Халықаралық тау шаңғысы және сноуборд мектебі ашылып, арнайы құралдармен жабдықталды. Биік шыңдарға шығу үшін қанат жолдары пайдаланылады. Бұл техникалық құралдар сағатына 2 мың адамды санаулы минуттар аралығында белгілеген межеге дейін жеткізеді. Сондай-ақ, бұл жердегі қонақүйлер қайта жасақталып, мейрамханалар мен дүңгіршектер, боулинг, спа-орталықтары құрылып халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсете бастады. Осылайша, кешен тау шаңғысы курортына айналып, аса ірі халықаралық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Сонымен қатар, курортқа балаларын алып келетін туристерге ыңғайлы болу үшін, «бэби-лифт» – көтергіші бар балалар алаңы да жасалып қойылған. 2510 метр биіктікке орналасқан бұл кешеннен таудың кереметтей көріністері, жұмсақ климаты мен шуағы мол күндерінің көп болуы, қар қабатының ұзақ уақыт жатуы тау шаңғы спорты әуесқойларының легін өзіне бірден баурап алады. Мұнда әсіресе, айдындай тайғанақ мұз жолдарын қалайтын шаңғышылар, экстримальді секіретін және қилы бұрылыстар жасап түсетін батыл сноубордшылар келеді. Балуан Шолақ – халықаралық талапқа сай ең ірі спорт кешені Балуан Шолақ – 40 жылдан астам тарихы бар халықаралық талапқа жауап беретін еліміздегі ең ірі спорт кешендерінің бірі. Алматының қақ ортасында орналасқан бұл кешен іргетасы қаланғалы бері түрлі деңгейдегі республикалық, бүкілодақтық және халықаралық додалардың ұйымдастырылуына, әрі жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болып келеді. 2011 жылы алауы тұтанған VII қысқы Азия ойындары қарсаңында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрделі жөндеу-жабдықтау жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп көп өзгерістер енгізілді. Сарайдың сыйымдылығы бұрын – 3800 орын болса, кейін 5000 орынды құрады. Қосымша 1000 орын орнатылды. Барлық инженерлік-техникалық коммуникациялар ауыстырылды. Оның ішінде шешінетін жер, медико-қалыптастыратын кешендер, демалыс бөлмелері, баспасөз орталығы, комментаторлық кабинкалар орналасқан қосалқы орындардың аумағы ұлғайды. Сонымен қатар, ең соңғы үлгідегі электронды табло орнатылып, инженерлік, техникалық байланыс құралдары толығымен жаңартылды. Осынау сарайдың жаңа келбеті «Philips Қазақстан» және «SkyMax Technologies» компанияларының бірлескен жобасы негізінде жүзеге асырылды. Азиаданың негізгі нысаны ретінде Спорт сарайы халықаралық стандарттарға сәйкес толығымен қайта жаңғыртылды. Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы Philips Color Kenetics компаниясының Дүниежүзілік мұра тізіміне енген Лондондағы қалалық кеңес резиденциясы «Каунти Холл» мен төңіректі шолу дөңгелегі «Лондон Ай», Бостондағы «Мариотт Кастом Хаус» зәулім үйі, Уэльс қамалдары секілді халықаралық жобалардың ішінде лайықты орынды иемденіп отыр. Жаңа заман талабына сай жаңартылған спорт сарайында Азия ойындарының жабылу салтанаты, бокс пен ауыр атлетикадан әлем чемпионаттары, дзюдодан «Үлкен дулыға» сайысы, шағын футболдан УЕФА кубогының финалы, волейболдан әлемдік гран-при додасы және басқа да спорт түрлері бойынша аса ірі деңгейдегі халықаралық турнирлердің тұсауы кесілді. Осылайша халықаралық ауқымды шаралар абыройлы өткізілді. Сондай-ақ, XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының басым бөлігі де осынау зәулім сарайда өткізілген-ді. Спорттық нысандардың саламатты өмір салтын қалыптастыру ісіне қосар үлесі зор. Біз жоғарыда атап өткен спорттық нысандар еліміздің әрбір азаматы бас сұғуға тиісті орындар. Сондықтан да, біздің басылым спорттық нысандар туралы тың деректерді оқырмандар назарына ұсынуды жалғастыра бермек. Ақтолқын ТӘЖІКОВА qazaquni.kz