Қазақстандық қол күресінен әлем чемпионы атанды

ШҚО-ның спортшы Деши Дурсаева Венгрияда қол күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатында «алтын» иеленді. Ұлан аудандық әкімдігінің қолдауы­мен жаттықтырушы Ерлан Уәлиевтің тәрбиеленушілері Деши Дурсаева пен Ораз Басаров әлем чемпионатына қатысты. 2017 жылғы Азия чемпионы, 2017 жылғы Қазақстан чемпио­натының күміс жүлдегері Деши Дурсаева әлем біріншілігінде бірінші орын алды. ШҚО Ұлан ауданының тумасы, екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, бес дүркін Қазақстан чемпионы Ораз Басаров екінші орын иеленді. Ол халықаралық класты спорт шебері, қазіргі уақытта Семейдегі олимпиада резервінің өңірлік колледжінде білім алып жатыр. Айта кетейік, Венгрияда жыл сайын дүниежүзілік қол күресі федерациясының қолдауымен өтетін ірі халықаралық қол күресі жарысы өткізіліп жатыр. 2-қыркүйек күні Будапешт қаласында басталған чемпионат 11 қыркүйекке дейін жалғасады. А.Тәжікова qazaquni.kz