Қоржынымыз алтынмен апталып, күміспен күптелді
2017 ж. 07 қыркүйек
2692
0
Қазақстанның аты бокстан әлемге әйгілі екені көпке мәлім. Бұл жолы да жақсы нәтиже көрсете білдік.
Германияның Гамбург қаласында әуесқой бокстан кезекті 19-шы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Осынау додаға бокстан Қазақстанның ұлттық құрамасы да белсене қатысты. Сондай-ақ, жоғары дәрежеде өнер көрсете білді. Қазіргі таңда Бокс мамандары осы чемпионаттың өту барысын сарапқа салуда. Біздің елдің құрамасы бұл жарыста алғашқы үштіктен көрінді.
Жарыста әлемнің 85 елінен 279 боксшы өздерінің бақтарын сынады.Тоғыз күнге созылған дүбірлі додада Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түскен-ді. Нәтижесінде, бір алтын, екі күміс, үш қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпы есепте үшінші орынға табан тіреді.
Додаға еліміздің атынан 10 боксшы аттанып, оның алтауы жеңімпаздар қатарынан көрінді. Атап айтсақ, Жомарт Ержан (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) пен Василий Левит (91 келі) жартылай финалда сүрініп, қола медальді місе тұтты. Ақтық сынға шыққан Қайрат Ералиев (56 келі) финалда америкалық Дюк Роганды жеңіп, чемпион атанды.
Сондай-ақ, Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс медаль иеленді. 75 келіде сынға түскен Ә.Аманқұл финалда украиналық Александр Хижнякке, 91 келіден жоғары салмақта Қ.Қоңқабаев әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовке ұтылды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Куба елінің боксшылары топты жарып, жеті медаль жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, екеуі – күміс. Екінші орын Өзбекстан құрамасына берілді. Олар бір алтын, үш күміс, екі қоланы иеленді. Ал бір алтын, екі күміс, үш қола медаль еншілеген Қазақстан құрамасы үштікті түйіндеді. Австралия, Ұлыбритания, Армения, Германия, Грузия, Үндістан, Камерун, Колумбия, Моңғолия, Эквадор және Оңтүстік Корея елдері бір-бір қола медальмен қайтты. Ұлттық құраманың бас бапкері болса, қазақ боксының жарқын болашағы алда екенін айтты.
«Ұлттық құрамада ұлттық намыс, рух бар. Жанымыз да, жүрегіміз де қазақ деп соғады. Әлем чемпионатына үлкен үмітпен барып, бас-аяғы алты медальді еншіледік. Бір алтын, екі күміс, үш қола медаль. Екі алтын алуымыз керек еді. Бірақ мұның өзіне төккен тер, табанды еңбектің арқасында жеттік. Қайрат Ералиевтің жеңісі – бүкіл елдің жеңісі! Қалған боксшыларымыз да намысты қолдан берген жоқ», – деді. Айта кетейік, әуесқой бокстан келесі 20-шы әлем чемпионаты 2019 жылы Ресейдің Сочи қаласында өтеді.
А.Тәжікова
qazaquni.kz