«АРЛАНДАР САЙЫСЫНЫҢ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
2017 ж. 21 қазан
5317
0
Қазақ күресі – біздің ұлтымызбен, салтымызбен біте қайнасып, байырғыдан келе жатқан дәстүрлі өнеріміз екені белгілі. Соңғы жылдары елімізде Егемендігіміздің бір нышаны ретінде осынау ұлттық спорт түрі қайта жанданып, даму үстінде.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Қазақ күресшілері келешекте Қажымұқан, Балуан Шолақ және басқа да ұлы балуан бабаларымыз секілді қазақтың атын әлемге таныта берсін. Біздің қазақ күресі әлемдік аренаға шығып, олимпиадалық ойындар мен құрлық ойындарының бағдарламасына еніп, қазақ елінің атын әйгілеуге тиіс. Солай болсын!», – деп барша қазақстандықтарды спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған болатын.
Республика көлемінде бұқаралық спортты дамытуға ден қойып жатқан тұста алматылықтар да бұл тұрғыда тындырымды тірліктер атқарып келеді.
«Алматы Арена» стадионында қазақ күресі бойынша студент-жастар арасында алғаш рет «Арландар сайысы» республикалық ашық турнирінің өтуі осы сөзіміздің айқын дәлелі болса керек-ті.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2017 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанына байланысты бұл сайыс та жастарға арналды. «Арландар сайысы» – ұлттық спортты жастар арасында насихаттау арқылы патриоттық сезімді дамыту, халықаралық аренада қазақ күресінің беделін жоғарылату, орта және жеңіл салмақты күресшілердің шеберліктерін дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Республикалық турнирдің ашылу салтанатында көрермендер назарына қазақ күресінің пайда болу және даму жолын сипаттайтын театрландырылған қойылым ұсынылады. Жиылған жұртшылыққа рухани күш-қуат берген осынау қойылым көптің көңілінен шықты.
«Арландар сайысына» ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ спорт және туризм академиясының профессоры, Күрес кафедрасының меңгерушісі, көптеген Азия және Әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарған Михаил Шепетюк, Қазақ спорт және туризм академиясының Ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі, профессор, Қазақ күресі Федерациясының тұңғыш президенті, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері Ерғали Мұхиддинов, Қазақ күресінен тұңғыш мемлекеттік жаттықтырушы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Омар Исаханов, ҚР Еңбек сіңірген бапкері, профессор Керей Қойшыбек, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Ермек Әлімханов және т.б. қазақ күресіне өздерінің еселі еңбегін сіңірген, есімдері елге танымал, аттары аңызға айналған ардагерлер құрметті қонақ ретінде қатысты.
Осынау доданың ашылу салтанатында сөз алған, Қазақ күресі Федерациясының тұңғыш президенті Ерғали Мұхиддинов: – Құрметті қонақтар, жанкүйерлер және спортшылар, бүгінгі қазақ күресінен алғаш рет өткізіліп жатқан «Арландар сайысына» қош келдіңіздер! Қазақ күресі – қазақ халқының мықтылығын білдіретін күрес. Мұны бізге ата-бабамыз аманат етіп қалдырған. Бүгінгі жарыста мықтылардың мықтысы жеңіске жетсін! – деп өзінің ақжарма тілегін білдірді. Жиын барысында сөз алған Алматы қаласы Қазақ күресі Федерациясының вице-президенті, спорт шебері Мақсат Қиқымов: – Құрметті қатысушылар, жанкүйерлер! «Арландар сайысы» атты студенттер мен жастар арасындағы турнирге қош келдіңіздер! Қазақ күресі бүгінде барша жұрт сүйсініп тамашалайтын ұлттық спорт түрі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «2020 жылға дейін ел халқының 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы керек» деп спорттың осынау түріне ерекше басымдық берді. Қазіргі таңда Алматы қаласында бұқаралық спортпен айналысушылар саны күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде 2000-нан астам балуан күнделікті қазақ күресімен айналысса, олардың 255-і кәсіби балуандар. Бүгінде қала көлемінде қазақ күресін дамыту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазақ күресінің қалалық Федерациясының президенті Бауыржан Байбек мырзаның қолдауының арқасында Алматы қаласының жастары спортқа көптеп тартылуда. Олардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Өткен жылы Алматы Қазақ күрес клубы ашылып, ондағы кәсіби спортшылар құрамы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар спортшыларымыз жылына 4 рет оқу жаттығу жиындарына қатысып, байрақты бәсекелерге тыңғылықты дайындалуда. Оқушылар сарайында, және «Алматы Арена» мұз сарайында тегін жаттығу залдары ашылды. Мұнда ересектер мен балалар төл күресіміздің әдіс-тәсілдерін меңгеруі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ, залдар заманауи тренажерлармен және кілемдермен жабдықталған.
Осындай қолдауды иеленген жастарымыз да өздерінің жеңістерімен елді қуантып жатқанын атап өтсем артық болмас. «Алматы Арена» мұз сарайындағы «Еуразия барысы» турнирінде 8 елдің балуандары бақ сынасқан додада Қазақстан құрамасының жеңімпаз атанғанын мақтанышпен айтамыз. Сондай-ақ, «Халық Аренада» ҚР чемпионаты «Барыс» кубогына арналған республикалық турнирде «Колледж барысы», «Студент барысы» сияқты жарыстар өткізілді. Жылдан жылға Алматы балуандары жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Өткен жылы қала спортшылары 7 республикалық, 2 халықаралық және қалалық сайыстарда бақ сынап, 97 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 35 алтын, 28 күміс, 34 қола медаль бар. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатында екі жыл қатарынан жалпы командалық есепте 1-орынға ие болғанының өзі зор жеңіс. Атап айтсақ, оның ішінде 5-і чемпион, 4-і 8 салмақ дәрежесінде жүлдегер атанды. Ал, биылғы жылы Қазақ күресі бойынша Алматы қаласының балуандары 5 республикалық жарыстарға қатысып, 31 медаль иеленді. Оның ішінде 10 алтын-күміс, 15-і қола медальдар. Сонымен қатар, 60-70 келі салмақ дәрежесінде ағайынды Қырғызбаевтар алғаш рет Әлем чемпионы атанды. Елорда төрінде өткен бозкілем бәсекесінде В.Демьяненко 1 млн. теңгені қанжығасына байлап, көрермен көзайымының жүлдегері атанды. Биылғы жылы Руслан Әбдіразақов сынды балуанымыз «Алматы барысы» іріктеу сайысында жүлделі орынды иеленіп, «Қазақстан барысына» жолдама алды. Өткен жылы Алматы Қазақ күрес Федерациясының балуандары 8 салмақ дәрежесінде тұңғыш рет дәлме-дәл жеңіске жетіп 10 млн. теңге ұтып алды. Жастар арасындағы ҚР чемпионатында 90 келі салмақ дәрежесінде Абушахманов Бекарыс 1-ші орын алса, күні кеше Түркіменстан астанасы Ашхабадта жабық кешенде өткен Азия ойындарында еліміздің намысын қорғаған Қасымхан Төленбаев алтын медаль иеленіп, абыройымызды асқақтатты. Бүгінде республикамызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Арландар сайысы» турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балуандарымызға сәттілік тілейміз», – деп Қазақ күресі бойынша Алматы қаласы жастарының жеткен жетістіктерін толығырақ атап өтті.
Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған осынау дода барысында Алматы қаласы Қазақ күресі спорт клубының жас балуаны 11 жасар Иманғали Сансызбаев «Арландар сайысына» арнаған өзінің өлеңін оқу арқылы сайысқа қатысушылардың рухын асқақтатып, жігерін жани түсті.
Ашық турнирге Астана, Алматы қалалары мен 14 облыстан 18 бен 29 жас аралығындағы 96 күрескер қатысты. Осылайша ЖОО студенттері мен спорт клубтарының жас спортшылары Алматы төрінде бозкілемде белдесті.
Спортшылар олимпиада жүйесі бойынша үш салмақ категориясында (-60 кг., -74 кг., +90 кг.) күресті.
Екі тараптан сайысқан балуандардың бәсекесі тартысты өтті. Нәтижесінде +90 келі салмақ дәрежесінде І-орынды Руслан Әбдіразақов (Алматы қаласы), ІІ-орынды Дәурен Нұралинов(Алматы қаласы) иеленді. Ал, ІІІ-орын Мақсат Исақабылов(Қызылорда) пен Нұрым Сәлімгереевке(Қызылорда облысы) бұйырды.
Сондай-ақ, 74 келі салмақ дәрежесінде Амангелді Төлемісов (Алматы қаласы) І-орынның, Нұржан Жұмажан (Алматы облысы) ІІ-орынның, Нұрлан Оразалин(Маңғыстау облысы) мен Рахманберді Әбдірашит(Қызылорда облысы) ІІІ-орынның иегерлері атанды.
«Арландар сайысының» ең басты ерекшелігі – 60 келі салмақтағы спортшыларды көтеру және қолдауға көңіл бөлгендігі. Сайысты ұйымдастырушылар айрықша назар аударған бұл салмақтағы бәсеке қызу өтті. 60 келі салмақ бойынша сынға түскендердің арасында жауырыны жерге тимеген балуан Алматы облысының намысын қорғап шыққан Ержан Еренғайыпов жүлделі бірінші орынды иеленіп, темір тұлпарды тізгіндеп қайтты. Жеңімпазға автокөлік кілтін Алматы қаласы Қазақ күресі Федерациясының вице-президенті, Мақсат Қиқымов салтанатты түрде табыстады.
Ал, аталмыш салмақ аясында Еламан Хуанбай (Қарағанды облысы) ІІ-орынды, Ержан Мағауинов(Алматы қаласы) пен Абзал Арыстанбеков(Алматы қаласы) ІІІ-орынды өзара бөлісті.
Әртүрлі салмақ категориясының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.
Сонымен қатар, ұлттық намыс пен жігерді оятатын рухты әндерімен көпшілікке кеңінен танымал «Серілер», «Алашұлы» топтары және Қажы11мұрат Шешенқұл сынды әншілердің салған әндері жиылған жұртшылықты жігерлендіре түсті.
Ақтолқын ТӘЖІКОВА
qazaquni.kz