Раушан ҚОЙШЫБАЕВА: Қазақ атын әлемге таныта беремін
2019 ж. 06 қыркүйек
5070
1
– Раушан Зауытбайқызы, әңгімемізді өзіңіздің туған өлкеңіз бен өскен ортаңыздан бастасақ... Балалық шағыңыз қалай өтті?
– Мен 1966 жылы Қызылорда қаласында қарапайым отбасында өмірге келдім. Әкем Зауытбай теміржол саласында машинист болса, анам Балымжан Нан зауытында жұмысшы болған. Ата-анам маңдай терін төгіп еңбек етіп, он ұл-қызды өсіріп, жетілдірді. Біздің өсіп-өнуімізге әжем де көп қарасты. Көп балалы отбасы болғандықтан, бір-бірімізді жетелеп жүріп өстік. Қазіргі таңда әрқайсысы өз алдарына отбасын құрып, мамандықтары бойынша еңбек етіп келеді.
Мектеп табалдырығын алты жасымда аттадым. Бала күнімнен өте зерек болып өстім. Оқушы кезімде тек алдыңғы партада отыратынмын. Сабақ айтуға сұранып, үнемі қол көтеретін кездерім әлі күнге дейін көз алдымда. Өзім кішкетайымнан тігіншілікке құмарттым. Сондықтан болса керек, мектепті бітірісімен еңбекке араластым. Тігін және тоқыма фабрикасына Дәмегүл атты жеңгемнің көмегімен тігінші болып орналастым. Жеті жылдай фабрикада еңбек етіп, ісмерліктің қыр-сырын осы кісіден ұғындым.
– Ал, өмірлік серігіңіз – Бауыржан ағаны қалай кезіктірдіңіз?
– Жиырма үш жасымда ойламаған жерден теміржол апатына түсіп, екі аяқтан жүруден қалдым. Содан ем іздеп, Алматыға жол тарттым. Бұл 1990 жылдардың аяғы тұғын.Ақыры жасанды аяқ жасататын болдым. Өзім секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың аяқтарын басып, күліп жүргендерін көргенде қызыға қарайтынмын. 2003 жылы Алматыға келген кезекті бір сәтімде Бауыржанмен таныстым. Ол да өзім секілді ем іздеп келген екен. Біршама уақыт араласып жүріп, кейін отбасын құрдық. Шыны керек, шаңырақ көтергеннен кейін де екеуміздің бар мақсатымыз – денсаулығымызды түзеу болды. Аллаға шүкір, білікті мамандардың арқасында, таяққа сүйенбей тік жүретін күнге де жеттік. Өзіміз секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың да бас құрап, балалы-шағалы болып кеткенін көріп, қызығатынбыз. Осындай сәттерде болашаққа сеніммен қарай бастадық. Жаныңда арқа сүйер азаматың болса, қиындыққа қарсы тұрар қабілетің де арта түседі екен. Осылайша бір-бірімізге дем беріп бақытты өмірге бірге қадам бастық. Сөйтіп жүргенде, алғашқы қызым Назерке өмірге келді. Кейін тұңғышымыздың ізін Дәния мен Алуа жалғады. Денсаулығым сыр беріп қала ма деген алаңмен жүрсем де, Алла маған үш бірдей қызғалдақты өмірге әкелуді нәсіп етті. Осы үшін де сансыз шүкірлік деймін.
– Раушан Зауытбайқызы, зілтемір көтеру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Спорттың осынау ауыр түрін таңдауыңызға не түрткі болды?
– Келін боп түскен жерім – Алматы облысы, Шонжы ауылы. Атамыз Әбдікәрім Қасымбеков кәдуілгі суырып салма ақын, елге сыйлы, құрметті кісі болған. Бірнеше өлең кітаптарының авторы. Қазіргі таңда ауылдағы тұрып жатқан үйіміздің көшесі атамыздың атымен аталады. Шонжы ауылындағы спорт залына алғаш рет жолдасым Бауыржанның өзі алып келген-ді. Алғаш жаттығу залына барғаннан-ақ, зілтемір көзіме оттай басылды. Біреуі гантель, екіншісі штанга көтеріп өздерінің спортқа деген қызығушылығын білдіріп жатты. Осылайша спорт залының табалдырығын аттаған сәттен бастап, мен жаттығудан бір сәт қалмай баруға тырыстым. Қандай қиын сәтте де бірге дайындалып келе жатқан әріптесім пауэрлифтингтен Халықаралық спорт шебері Рахметжан Хамаев та менің әр қадамыма тілекші болып отырады. Осындай жаны ізгі жандармен бірге шеберлігіңді шыңдаудың өзі бір ғанибет деп ойлаймын.
2011 жылдың сәуір айында Алматы облыстық турниріне қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алдым. Осы алғашқы жеңісім маған үлкен жігер сыйлады. Салтанатты түрде табыстаған мақтау грамотасын алып, жүрегім жарылардай болып үйге қайтқаным есімде. Бұдан кейін де арнайы түзілген жұмыс кестесі арқылы пауэрлифтинг бойынша жаттығуымды жалғастыра бердім. Араға біраз уақыт салып мен ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Пауэрлифтингтен Алматы облысы бойынша аға бапкер Денис Орловтың тобына өттім. Әрине, білікті бапкер мені оп-оңай қабылдай қоймады. Қаншама рет өтініш білдіруге, тиісті орындардың есігін қағып, табан тоздыруға тура келді. Ақыры өзім көздеген маманнан тәлім алатын күн де туды. Осыдан кейін барып мен жібі түзу бағдарламамен жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Шеберлігімді күн санап шыңдай отырып, алдыма қойған биік мақсаттарға жетуге талпындым. 2012 жылы Қазақстан чемпионаты өтіп, сонда маған Қазақстанның спорт шебері атағы берілді. Ал, 2013 жылы Халықаралық спорт шебері атағына қол жеткіздім.
– Дайындық жұмыстары қалай жүргізіледі? Бапкер бәріңізге бірдей көңіл бөлуге уақыт таба ма?
– Күн сайын жанымызда тұрып жаттықтырмаса да, бізге бапкер қашықтықтан тәлім береді. Ғаламтор желісі арқылы біздің әрбір жаттығуымызды бақылап, тиісті тапсырмаларын беріп отырады. Ал, жоспарланған жарыстар болған кезде міндетті түрде бірге дайындық жұмыстарын жүргіземіз.
– Қандай әлемдік додаларда бақ сынадыңыз? Тілге тиек ете отырсаңыз...
– Менің ең алғаш рет халықаралық деңгейге басқан қадамым – 2014 жылы Дубайда өткен Әлем чемпионатынан бастау алды. Онда мен 13-ші орынды иелендім.
Ал, 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ХVII Азия ойындарына қатысып, онда 6-шы орынды еншілеп қайттым.
2015 жылы өз елімізде, яғни, Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында екі бірдей күміс медальдың иегері атандым. Бұл дүбірлі дода мен үшін алтын баспалдақ болды.
2016 жылы Дубайда өткен Әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, осы сапардан кейін бірден Малайзияға жол тарттым. Ол сайыста да қола медальға қол жеткіздім. Бұл жеңісім арқылы Олимпиадалық ойындарға қатысуға лицензияны ұтып алдым. Өз еңбегіммен алған осынау лицензия мені биік белестерге бастады.
– Осы жолда көрген қиындықтарыңыз да аз болмаған шығар...
– Әрине ешбір жеңіс қиындықсыз келмейді. Оңай қол жеткен дүниенің дәмі де болмайды емес пе?! Алматы облысына көшіп келмес бұрын Қызылордада тұрдық. Бір бөлмелі пәтерде, азын-аулақ зейнетақыға қарап күнелткен кездеріміз де есімізде.
Спортшы үшін ең бастысы – дайындық. Яғни, жаттығу жасайтын ыңғайлы орынның болуы басты нәрсе. Кезекті бір жарысқа қызу дайындық жүріп жатқан-ды. Аяқ астынан күнелікті дайындалып жүрген спорт мектебіміз жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты уақытша өз жұмысын тоқтатты. Бізге жаттығатын орынды өзіміз іздеп табуымыз керек болды. Содан, №5 Ұйғыр мектебінің спорт залында дайындалуға рұқсат сұрап, сонда жаттығу жұмыстарын өткізіп жүрдік. «Балалардың сабақ өтуіне кедергі келтіріп жүрсіңдер» деген желеумен бұл мектепте де көп тұрақтамадық. Бірақ бізге жаттығуды тоқтатып қоюға болмайды. Сонымен ойлана келе өзіммен бірге дайындалып жүрген спортшыларды үйге шақырып, жаттығуымызды жалғастыра бердік. Пауэрлифтинг құрал-саймандарының салмағы ауыр болғандықтан, үй жағдайында жаттығу да мүмкін болмады. Ақыры есік алдындағы ескі сарайдың ішінде жаттығу жұмыстарын өткізуге мәжбүр болдық. Жаңбыр жауып, күн суытқан сәтте бұл орында да дайындалу қиынға соқты. Алдымнан кесе көлденең шыққан осындай кедергілер керісінше, одан әрі шыңдай түсті.
Араға біршама уақыт салып, өзіміз жатттығып жүрген спорт мектебі өз жұмысын қайта бастады. Аталмыш мектептің тізгінін Жихангер Мәжитұлы атты ағамыз ұстап, спорт мектебінің жұмысына қайта қан жүгірді.
– Шындығында, қалың қазақ елі сіздің есіміңізді Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Паралимпиада ойындарынан кейін жете біле бастады. Осынау жеңіс тұғырынан көрінген сәтті қандай сезімде болдыңыз?
– Рио-де-Жанейро қаласына аттанар кезде өздеріңіз білесіздер, бізді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдап ақ жол тілеп шығарып салған болатын. Сол кездесу жеке өз басыма үлкен қуат беріп, маңызды міндет жүктеді. Бұрын білесіздер ғой паралимпиадашыларға деген көзқарас салғырт болатын. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, біздің министріміз Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевтардың атсалысуымен мүгедек спортшыларға деген ықыласы артып, жұмыс өте жоғары деңгейге көтерілді. Риода жарыстың алдында әрине қатты қобалжыдым. Себебі, артымда қалған ел үміт артып отырғанын сезесің, бапкерлердің, басшылықтың, Үкіметтің атқарып отырған еңбегін ақтау керек. Жарыс кезінде де сол жақта жүрген біздің делегация мүшелері де жаны қалмай қолдау көрсетті. Зүлфияның тарихтағы алғашқы алтынына барлығымыз бірге қуанып мақтанған болатынбыз.
Ал, мен өздеріңіз білетіндей, пауэрлифтинг спорты бойынша 67 келі салмақ дәрежесінде сынға түстім. 113 кг зілтемірді бағындыру арқылы Паралимпиаданың күміс медалін жеңіп алдым.
Осы сәтте қуанышымда шек болмады. Қазақстанды әлемге танытуға үлес қоса алғаным үшін өзімді бақытты спортшымын деп есептеймін.
– Алтынға бергісіз күміспен оралған өзіңіздей алтын қызымен мақтанған Қазақтай елді көргенде кеудеңізді қуаныш сезімі кернеген болар...
– Паралимпиада ойындары аяқталып елге оралғанда, жан ұшырып, қуаныштары қойнына сыймай әуежайдан күтіп алған ағайынды көргенде көзіме жас үйірілді, ол қуаныштың жасы болатын. Бұл сәт менің есімде мәңгі сақталары сөзсіз.
Осылайша көтеріңкі көңіл-күймен елге оралғанда біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың хал-ахуалы халық қалаулыларын бей-жай қалдырмағанын естідім. Бұл тұрғыда Мәжiлiстiң жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа арнайы депутаттық сауал жолдап, паралимпиадашыларға белгіленген сыйақы мөлшерін олимпиада чемпиондарының сыйақысымен теңестіру жөнінде арнайы депутаттық сауал жолдағанын білгенде еріксіз жанарыма жас алдым. Осындай елдің қамын ойлайтын атпал азаматтарымыздың арқасында біздің еңбегіміз еленгеніне қуандым. Бұл үшін мен Азат Тұрлыбекұлына өзімнің ризашылығымды білдіремін. Менің ойымша бұл қадам өзге де мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген спортқа деген құлшынысының артуына септігін тигізді.
Сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырза арнайы шақыртып, автокөлік мінгізіп, қаржылай сыйлық табыстады. Әрі Ұйғыр ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді. Атап өтерлік басты жәйттің бірі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасымыз Н.Назарбаевтың қолынан «Құрмет» орденін алдым. Мұның барлығы мені одан әрі жігерлендіріп, бұдан да асқақ армандарға жетелей түсті. Осындай жеңісті де жемісті күндер әрбірімізге нәсіп болсын деп тілеймін.
– Сіз спортшысыз, әрі бұл тұрғыда білімін жетілдіріп жатқан студентсіз. Қарап отырсақ, үй шаруасына да, асхананың ісіне де бәріне бірдей епті секілдісіз... Мұның бәріне үлгеру сізге қиынға соқпай ма?
– «Қыздың қырық жаны бар» дейді ғой дана қазақ. Сондықтан бәріне үлгеруге тырысамын. Мұнша жүктің барлығы бір өзіме артылмаған, әрине. Маған өмірлік серігім Бауыржан өз көмегін аямайды. Оның үстіне үш бірдей қолғанатым тағы бар. Сол себепті де маған қаншама шаруаны қатар атқару аса қатты қиындық туғызбайды. Спорт – жан серігім. Сондықтан спортпен шұғылдану негізгі міндетім. Отанасы ретінде асхананың жұмысын атқарсам, арасында тігіншілікпен айналысуға да уақыт табамын. Қыздардың сабағына әзірлеу ісін әкесі екеуміз бірлесе атқарамыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіздің жемісін жей беріңіз!
Сұхбаттасқан
Ақтолқын ТӘЖІКОВА
qazaquni.kz