Астанадағы марафонға бір отбасының үш буыны толық қатысты
2017 ж. 27 тамыз
1924
0
Елордада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің халықаралық марафонына қатысуға 15 адамнан тұратын үлгілі отбасы келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Руслан Абдусаламов есімді Астана қаласының тұрғыны халықаралық шараға қолдау білдіру үшін толық отбасымен келіп отыр. Марафонға қатысатын отбасының ең үлкені - әкесі Абдусаламның жасы 60-та болса, 4 жастағы ең кіші ұлы 2017 метрге бағын сынамақ екен.
«Мұнда екі баламды қосқанда, 15 адам болып келдік. Ең кішкентай балам 4-те. Үлкені 7 жаста. Үлкен ұлым Әлихан 7 жасқа дейінгі балалар арасында джиуджитсудан әлем чемпионы. Жақында ғана Абу-Дабиде өткен сайыстан бірінші орын алып келді. Өзім джиуджитсу спорт түрі бойынша спорттық промоутермін. Күрестен спорт шеберімін. Біз жыл сайын бір отбасы болып марафонға қатысамыз. Жасы алпысқа толып отырған әкем Абдусалам, анам Сәрсенгүл, әйелім Руфина, мен және ұлдарым бүгін топ жару үшін барын салады», - дейді Руслан Абдусаламов.
Үлгілі жанұя өздерінің бастамасымен Отанның отбасыдан басталатынын дәлелдеп келіп отыр.
«Отбасымыз әрдайым спорттық қалпымызды сақтап жүрген адамдармыз. Осы жарысқа дайынбыз деп айта аламын. Үлкендер10 шақырымға жүгіреміз. Жуықта ғана Алматыдағы марафонға қатыстық. Мақсатымыз елімізде ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараға атсалысып, қолдау білдіру. Мен өзім Қазақстан халқы Асамблеясының мүшесі ретінде осындай шаралардан қалмауға тырысамын. Біз өзіміз көп ұлтты отбасы ретінде Отанымызды қолдағымыз келеді», -дейді Руслан.
Еске сала кетсек, бүгін Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің халықаралық марафоны өтіп жатыр.