Алматы облысында рафтингтен жарыс өтті
2017 ж. 15 тамыз
1584
0
Алматы облысында "Koksu water fest-2017" атты рафтингтен дәстүрлі сайыс өтті. Тылсым табиғатымен ерекше көзге түсетін Қоянды сайында Көксу өзенімен өтетін 15 шақырымдық марафонға жаңбыр жауып тұрғанына, өзен суының температурасы да суық болуына қарамастан мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ өкілдері, энергетиктер, дизайнерлер, "Жасыл ел" еңбек жасағы барлығы 15 команда қатысты.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған су фестивалінің басты мақсаты жер жаннаты Жетісудың әсем табиғатын тамашалу, өңірде туризмнің дамуына оң ықпал ету. Сондай-ақ, экстрималды спорт түрлерін насихаттап, бұқараны салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру. Шараға ұсыныс білдіргендер тым көп болды. Әсіресе, жастар жағы бұл шараның қызықты әрі әсерлі өтуі үшін бар күш-жігерін салды. Көксу су фестивалінде рафт су көлігіне отырып алғаш ескек ұстағандар да осы арада кездесті. Ағысы қатты тау өзенінің толқындарымен арпалысып, тамаша әсер алған спорттың бұл түріне көңілі ауғанын көпшілік жасырмады. Алған әсерлерін бір-бірімен бөлісті. Қағазбастылық пен кеңседегі жұмыстан бір сәт жеңілдеген мемлекеттік қызметкерлер өзен ағынымен жарысып, бір серпіліп қалғанын айтты. Жарыс барысында қатысушылар тек рафтпен жүзіп қана қоймай, кедергілерден өтіп, келісілген уақыт ішінде арқанмен тауға көтеріліп қайта түсті.
«Осы уақытқа дейін мұндай жарысқа қатысып көрген жоқпын. Жарыстан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек барып, қатысып, сезіну керек. Бұл шараның нәтижесінде жаңа достар таптық. Өзімізді судағы жарыста сынап көрдік. Мен ескек есуші болдым. Жауапкершілік маған артылғандықтан, қолымнан келгенше жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Әсіресе, ағысы қатты жерден өткенде қайықтан біразымыз құлап та қалды. Бірақ бізге кеңес беретін арнайы топтың мамандары біздің қауіпсіздігімізді басты назарға алып, бізге бағыт-бағдар беріп отырды. Осы жағынан ұйымдастырушылардың зор еңбегіне алғыс айта кеткен жөн. Жарыстың шарты бәрімізге ортақ болғандықтан, команда құрамы белсене еңбек етті. Алдағы уақытта мұндай шара ұйымдастырылса міндетті түрде қалмай барамыз, – дейді рафтинг жарысына алғаш қатысқан облыстық «Жетісу» газетінің беттеуші-дизайнері Айдос Мұздыбаев.
Ұйымдастырушылар жарысқа қатысушылар үшін барлық жағдайды жасаған. Тіпті, ыстық тамаққа дейін тегін қамтамасыз етілген. "Бұл шараның жыл өткен сайын өткізу ауқымы, тәртібі, шарты кеңейіп келеді. Біз барлық саланы қамтуға тырыстық. Болашақта бұл жарысты басқаша ұйымдастырамыз деген жоспар да бар. Біз көбіне жұмысбастылықпен жүріп, табиғаттың керемет тұстарын тамашалай алмаймыз. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер. Жер жаннаты жетісудың тұмса табиғаты тым бөлек. Ол сұлулықты суреттен көргеннен гөрі көзбен көру әсері басқа. Сол үшін де біз осы шараны ұйымдастырдық. Мұнда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Жарысқа қатысушылардың барлығына арнайы киім берілді. Шара соңында қатысушылар өз ризашылықтарын айтып, келер жарысты ұйымдастыруға деген өздерінің пікірлерімен бөлісті", - дейді Алматы облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шынтаев.
Сайыс қортындысы бойынша Алматы облысы әкімінің аппараты бірінші орынды иеленсе, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған команда екінші орынға тұрақтады. Ал үшінші орын "ТАТЭК" энергетикалық компания өкілдерінің еншісіне бұйырды. Облыстық туризм басқармасы ұйытқы болған шара келесі жылы да өз жалғасын табады.