ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ ЖАСАЛЫП ОТЫРҒАН КЕДЕРГІЛЕР ТОҚТАТЫЛСЫН! - спорт журналының редакторы
2017 ж. 31 шілде
7529
15
Ғаламтордан 28 шілде күні Астана қаласында Дүниежүзілік қазақ күрес федерациясы ұйымдастырған арнайы брифинг туралы оқып, 10 жылдық тарихы бар республикалық спорт журналының редакторы ретінде менің де өз пікірімді білдіруге толық құқым бар шығар деп қолыма еріксіз қалам алуға тура келді. Спорт тақырыбына қалам тербеп жүргендіктен бұл жерде бей-жай қалуға арым жібермеді.
Жақында ғана асқаралы 60 жасқа толған Серік Адамұлы Төкеев ағамыз ұлтымыздың мақтанышы қазақ күресін әлемге танытып жүргеніне 16 жыл болыпты. Бұл аз уақыт емес. Осы аралықта ағамыздың қазақ күресін көтеру үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Оны бүкіл ел, тіпті әлем біледі десем артық айтпаған болар едім. Серік ағамның басшылығымен 2004-2017 жылдар аралығында қазақ күресінен 6 рет әлем чемпионаты, 11 рет Азия чемпионаты, 3 рет Әлем кубогы, 2 рет Еуропа чемпионаты, 1 реттен Иранда жастар арасында әлем чемпионаты мен Бразилияда кадеттер арасында әлем чемпионаттары және Африка біріншілігі өтті. Ең бастысы бұл әлемдік деңгейдегі жарыстар бұрыңғы ФИЛА, қазіргі UWW секілді беделді ұйымның аясында өткізілді.
Бұдан басқа Серік Адамұлының тікелей араласуымен қазақ күресі 2016 жылы Эфиопияда өткен ЮНЕСКО-ның 11 сессиясында материалдық емес мәдени мұра тізіміне кірді. Ол – үлкен жетістік! Қазіргі таңда дүние жүзінің 30 елінде қазақ күресінен ұлттық федерациялар жұмыс істеп тұр. Ұлттық күресіміз сонымен қатар биыл күзде Түркменстанның астанасы Ашғабадта өтетін жабық залдағы Азия ойындарының бағдарламасына енді. Бұл - дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы ұжымының сан жылғы жемісті де тынымсыз еңбегінің жемісі.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктей бастаған уақытта Штаттағы ұлттық командалар дирекциясын (ДШНК) басқарып тұрған Серік Төкеев қазақ күресін көтеруді қолға алды. Осы күрестің қыр-сырын білетін Бауыржан Жаңалин, Марат Жақыт, Диқанбай Биткөзов, Бақытжан Жаңбырбаев секілді есімдері елге белгілі ағаларымыз Серік Адамұлының басшылығымен тәуекелге бел буып, төл күресімізді сырттан таңылған, кірме ұғымдардан аршып алды. Кеңес үкіметі тұсында қазақ күресінде болған «бір балл, екі балл» деген орысша бағалау терминдері мен еркін күрестен алынған кейбір айла-тәсілдерден арылтты. Бұрыңғы «бір балл, екі балл» дегеннің орнына қазақы түсінікке жақын «жамбас», «бүк» деген бағалау белгіленді. Боз кілемге шыққан палуандарға төреші қазақша «баста!» деген бұйрық беретін болды. Дзюдода «иппон» десе, бізде «таза жеңіс» делінетін болды. Оның сыртында, «тоқта!», «жартылай жеңіс» деген бұйрықтар дүниеге келді. Бұл күнде қазақ күресінде осы айтылған бағалаулар мен бұйрықтар қолданылып жүр. «Қазақ күресі» деген атауды ойлап тапқан Серік ағамыз. Кеңес одағы кезінде «қазақша күрес» деп орыстар біздің ұлттық өнерімізді кемсітіп атайтын. Осындай үлкен еңбектің арқасында Серік Адамұлы 2004 жылы қазақтардың Берлинде өткен Бүкіләлемдік Құрылтайында заңды түрде дүниежүзілік қазақ күрес федерациясының президенті болып тағайындалды.
Енді келіп, қазақ күресіне осыншама еңбек сіңірген адамды шеттетіп, әлем қазақтарының ұйғарымымен құрылған дүниежүзілік федерацияны тарқатып, оның орнына үй ішінен үй тігіп, әлі күнге әлемдік деңгейде мойындалмаған федерацияны алдыңғы шепке шығарғылары келеді. Ең өкініштісі оны істеп отырған - анау-мынау емес қазақ спортының жанашыры мен жоқтаушысы болып табылатын Мәдениет және спорт министрі! Министрдің спортқа жаны ашитын болса UWW Президенті Ненад Лаловичке хат жазып дүние жүзі мойындаған федерацияны тарқатуды, әлемдік аса ауқымды шара ЭКСПО аясында Астана қаласында қазақ күресінен өткелі отырған әлем чемпионатын министрліктің күнтізбесінде жоқ деген сылтаумен өткізуден бас тарта ма? ЭКСПО-ға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көрерменге ұлттық құңдылықтарымызды көрсетіп жатырмыз. Қазақ күресі сол құндылықтың бірі ғана емес, бірегейі емес пе? Өзі басқарып отырған министрлікке қарасты Спорт комитетінің күнтізбесінде тұрған әлемдік доданы білмеу министр атанып отырған адамға өте ұят нәрсе. Мен ойлаймын Арыстанбек Мұхамедиұлының осы хатын оқыған Ненад Лалович ішінен бір күліп алған шығар? Себебі, өзінің ұлттық күресінен өткелі отырған әлем чемпионатынан бас тартатын, төрткүл дүниеге мойындалған федерацияны тарқатуды сұрайтын спорт министрі әлем бойынша бізден басқа ешбір елде жоқ қой.
Жалпы Арман Шораев қалай қазақ күресі басына келді, солай бұрын сүттей ұйып отырған ұлттық күрестің басы-қасында жүргендердің арасында алауыздық туды. Спорттың басы-қасында жүргендіктен біз ол жағын көзімізбен көріп жүрміз. Шораев республикалық федерацияның президенті болып, дүниежүзілік федерациядан бөлініп кетті де екі ортада төрешілер сорлап қалды. Олар республикалық федерацияның айтқанымен жүрейін десе, әлемдік жарыстарға бару үшін дүниежүзілік федерация керек, дүниежүзілік федерацияның дегенімен жүрейін десе елішілік жарыстарға республикалық федерациясыз тағы қатыса алмайсың. Арман Шораев бауырымыз Моңғолиядан көріп келгенін елімізде жүзеге асырып «Қазақстан барысы» жобасын дүниеге әкелді. Сөйтіп, қазақ күресі Шораевтың арқасында бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Оған ешкім дау айта алмайды. Алайда «есіктен кіріп, төр менікі» деуге болмайтынын ол бауырымыз ұмытып кеткен тәрізді. Елдің бірлігін, ұлттық күресіміздің Олимпиада секілді спорттық ойындардың шыңына шыққанын қаласа әлем мойындаған, қазақ күресі үшін бар саналы ғұмырын арнаған, қазақ күресінен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, кезінде боз кілемнің шаның шығарып талай рет түйе палуан атанған Серік Адамұлымен тіл табысу керек еді. Ол інілік ізет көрсетіп ағасымен тіл табыса отырып еңбек еткенде қазақ күресінде қазіргідей түсінбеушіліктер орын алмас еді. Үй ішінен үй тігіліп, яғни бір спорт түрінен екі бірдей әлемдік федерация құрылып дүние жүзіне масқара болмас едік.
Айта берсе сөзден сөз шыға береді. Мақаламды қорыта келе мен барша қазақ күресі жанкүйерлерінен осы бір өнбейтін дауға нүкте қоюды ұсынамын. Ол үшін Ислам Әбішев ағамыз жетекшілік ететін, барша әлемге танымал дүниежүзілік қазақ күрес федерациясы ғана қалып, Арман Шораевтың ықпалындағы Қанат Бозымбаев басқаратын мойындалмаған халықаралық қазақ күресі федерациясын жабу керек. Серік ағамыз осыған дейін қазақ күресі үшін аянбай еңбек етіп келсе, ол кісінің басына сын сағаты келгенде неге біздер, қазақ күресінің жанашырлары ол кісіні қолдамаймыз? Тіпті болмаса Серік ағамыз бен дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын қолдау комитетін құрайық. Ол комитетке есімдері елге белгілі тұлғалар, спорт тақырыбына қалам тербеп жүрген Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбек, Қазыбек Иса секілді ағааларымыз жетекшілік етсе, біз секілді орталықтан шалғай жерде тұратындар мен жалпы қазақ күресіне жаны ашитын барша ағайын қол қойып, қолдар еді.
Арман Шораев өзінің «Қазақстан барысы» жобасымен және республикалық федерациясымен қала берсін. Оған біздің еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ дүниежүзілік қазақ күресі федерациясымен бірігіп жұмыс істегені өте орынды болады. Себебі, әркім өз деңгейін білгені дұрыс. Бұл жердегі мақсат – елдігіміздің бір белгісі қазақ күресін әлемдік деңгейге шығару. Төл күресімізді биікке тек қана осы салада жүрген азаматтардың ауызбіршілігі мен тізе қосып бірлесе қимылдаған кезінде ғана шығара аламыз.
Егер Серік Төкеев ағамызға қарсы әрекет бұнымен тоқтамайтын болса, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына ашық хат жолдап, араша түсуін өтінетін боламыз.
Мусағали Тасқалиев,
«Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақ Спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры
Қазақ үні http://www.qazaquni.kz/2017/07/28/72715.html