Әйгілі Жозе Мауринью еліміздің жас футболшыларын жаттықтыруы мүмкін
2017 ж. 21 шілде
2006
0
Жақында отандық "Арландар" ФК Португалияға Қазақстан атынан өкіл болып барып, Брага кубогы турниріне қатысты. 96 құраманың ішінде "Үздік команда" аталымында арнайы дипломға ие болған "Арландарды" құттықтай отырып, клуб Президенті Фазылбек Әбсаттарұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Басында аула клубы ретінде құрылған команда Португалияға қалай барып жүр? Брага кубогы қандай турнир? Оған қанша команда қатысты? Осы жөнінде кеңінен айтып берсеңіз?
- Мен футбол клубын құрудың барлық сатыларынан өттім. Яғни, ең бастапқысы аула клубынан бастадым. Алдымен өз ауламда доп теуіп жүріп 5-6 бала жинадым. Кейіннен көрші ауланың балаларын жинап аула клубын құрдым. Артынша аула клубтарының лигасында ойнадық. Сосын «Арландар футбол клубы» деп мемлекеттік тіркеуден өткіздім. Астана қалалық біріншілікте ойнадық. Осының барлығынан соңғы 2 жыл ішінде өттім.
Алдыма үлкен мақсат қойып, ФИФА, УЕФА-ның тиісті мамандарына, әлемнің алпауыт футбол клубтарына тікелей байланысқа шықтым. Нәтижесінде Португалияның Брага кубогы турниріне шақырту алып, қатысып келдік. Брага кубогына 96 команда қатысты. Негізінен Еуропа, Латын америка елдерінен. Жетістігіміз – «Үздік команда» номинациясы бойынша диплом алдық.
"Арландар" ФК бүкіл Қазақстанның атынан өкіл болып барды. Барлық жағдайды сол жерде түсіндім. Себебі білуімізше «Астана» ФК-нан басқа осы күнге дейін Қазақстаннан бірде бір футбол клубы келмепті. Ал жасөспірімдер арасындағы клубтан мүлде ешкім келмеген.
Алғашқы күндері Қазақстанды білмей қиналған еді, соңында бәрі Қазақстанның жанкүйер болды. Естімеген елі болғандықтан ба алғашқы ашылу салтанатында бізге бүкіл стадион аяқтарынан тік тұрып қошемет көрсетті. Әйтпесе, бізден бөлек, Еуропа, Латын америка елдерінен де клубтар келген еді.
Газеттері әр номерінде басқа ел емес, тек Қазақстаннан "Арландар" ФК келді деп жазып жатты. Халқы да бізге ерекше құрмет көрсетіп, барлығы кезекке тұрып суретке түсті. Қазақстаннан футбол клубының қатысу олар үшін үлкен жаңалық болды. Бұл әсерімді бір сөзбен айтар болсам, өзімді бөгде ғаламшардан келгендей сезіндім…
Қазақстанды танытуды қолымыздан келгенше жасадық. Жабылу салтанатында стадион сахнасында Қаражорға билеп бердік. Трибуна бізді отырғызбады, қайта Қаражорға билеткізді. Олар да биледі…
- Жалпы «Арландар» ФК қашан құрылды? Қазір клубта қанша бала жаттығады?
- Ресми тіркелген күні 2014 жылдың 4-ші желтоқсаны. Клубта қазірше 40 бала айналасында жаттығады. Себебі балалардың тұрақты қатысуы қиын. Жазғы демалысқа кетіп қалады, ауырып қалады дегендей. 4-15 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз.
- Португалия сапарынан қандай олжамен оралдыңыздар? Тәжірибе алмасу үшін келісімдер жасалды ма?
- Бірінші олжамыз – «Үздік команда» номинациясы бойынша диплом алдық. Екінші олжамыз "Брага спорт", "Брагалона" футбол клубтарымен біраз келісімдер жасастық. Португалия профессионал футбол клубының президенті Марио Костамен кездестік. Португалиядағы жарыстарға тұрақты түрде шақырту, тәжірибе алмасу, т.б. сияқты бірқатар келісімдер жасастық. Жозе Моуринье, Луиш Фигу бағдарламаларымен Қазақстанның балаларын дайындап жатсақ таң қалмаңыздар.
Біздің мақсатымыз әлемнің футбол нарығына Португалия арқылы әлем жұлдыздарын шығару. Неге Португалия? Себебі, Португалия футболшы дайындап, трансфер-экспорт жасаудан әлемдегі номері бірінші ел. Футбол мәдениеті қалыптасқан, өте жоғары. Әлемнің №1 футболисті де – Криштиано Роналдо, әлемнің №1 жаттықтырушысы – Жозе Моуриньо да Португалиядан шыққан. Бұл біздің балаларға үлкен стимул.
Португалия сапарымыздан кейін әрине футбол туралы көзқарасымыз өзгеріп, футбол мәдениетінен біраз көзіміз ашылды. Клуб басшыларынан көп естігенім «клубтың иесі халық» дейді олар. Клубтың тағдырын жергілікті халық шешеді екен. Клуб басшылары жай өздерін ұйымдастырушылар ретінде сезінеді. Халықтан қатты қаймығатындай көрінді. Жабылу салтанатында 90-нан аса команданы сахнаға шығару біраз күш. Содан болар Брага әкімі шаршаған болу керек, соңғы 4-5 команданы сахнаға шығармай-ақ төменде марапаттап қайтарғысы келген еді, стадион халқы бірден өре түрегелді. Одан адамның зәресі қашпау мүмкін емес. Лезде сахнаға шығарды. Басшылары халықтан қатты қаймығады екен.
Балалары да еркін ойлы, асқақ рухты. Өкінішке орай құл болған мен болмағанның айырмашылығы қатты білініп тұрады екен. Біздің балалар қатты әсерленді, үлкен тәжірибе болды.
qazaquni.kz