Астана марафонына онлайн-тіркеу 15 шілдеде басталады
2017 ж. 12 шілде
2631
1
Қытай астанасы Пекин қаласында EXPO-2017 мамандандырылған көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен АӨСШК қолдауымен өтетін Астана халықаралық марафонына арналған баспасөз жиыны болды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.
Жиынға ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов, АӨСШК атқарушы директоры Гуан Дживанвей және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысты.
Елсияр Қанағатовтың айтуынша, марафон ҚР Үкіметі үшін «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткізілетін маңызды шара болмақ. Қазақстан бұл марафонды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.
ШЫҰ мен АӨСШК қолдауымен өтетін Астана халықаралық марафоны 2017 жылдың 27 тамызында өтеді. Бұл марафон халықаралық мамандандырылған ASTANA EXPO-2017 көрмесі аясында ұйымдастырыылып отыр. Көрмеде әлемнің 100-ден астам елінің павильондары бар.
Астана халықаралық марафоны сонымен қатар Азиядағы өзара Ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 25 жылдығына арналып отыр.
«EXPO -2017» аясында өтетін ШЫҰ мен АӨСШК халықаралық марафоны 2017 жылдың 27 тамызында таңғы сағат 08:00-де басталады. Марафонның маршруты Астананың сол жағалауындағы басты көшелерді қамтиды. Астана марафоны өтетін тас жол Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF)сетртификатынан өткен.Спорттық шараға ШЫҰ мүше әрбір мемлекеттен жалпы 30 кәсіби спортшыны тарту көзделген. Олар, үш түрлі қашықтықта бақтарын сынайды: 42 шақырым, 10 шақырым, және 2017 метр. Шетелден келетін қатысушылар саны 1000 адамды құрап отыр. Қазақстандық тараптан 4000 адам қатысады деп күтілуде. Марафонға қатысушылардың жалпы саны 5000 адам.
Астана марафонына қатысушыларды онлайн-трікеу 2017 жылдың 15 шілдесінде басталады. Тіркеу www.scomarathon2017.kz сайты арқылы жүргізіледі.
ШЫҰ алғашқы марафоны 2016 жылы Қытайдың Куньмин қаласында өткізілді. Оған төрт құрлықтан 15,6 мың адам қатысты. Марафон ШЫҰ құрылуына 15 жыл толуына орайластырылды. Аталған шара қарапайым адамдар үшін салауатты өмір салты, достық пен әріптестік белгісі іспеттес болмақ.