Қазақстандық жеңіл атлет Азия чемпионатында алтын медаль алды (ФОТО)
2017 ж. 08 шілде
2347
0
Үндістанның Бхубанешвар қаласындағы «Калинга» стадионында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр. 6 шілде күні қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалды. Алайда екінші жарыс күнінде бірден қоржынға үш медаль түсті.
Бұл туралы Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.Бұл жолы тағы да қыздарымыз қуантты. 100 метрге жүгіруден Виктория Зябкина чемпион атанды. Зябкина бұл қашықтықты 11, 39 секундта жүгіріп өтті. Күміс жүлдені тағы бір жерлесіміз Ольга Сафронова еншіледі. Оның уақыт көрсеткіші – 11,45 секунд. Үздік үштікті үндістандық Дути Чанд (11,52 секунд) қорытындылады.
Қола медальды ядро серпуші Иван Иванов жеңіп алды. Алматы облысының тумасының ең үздік көрсеткіші – 19,41 метр болды. Алтын ирандық Али Самариға (19,80 м) бұйырса, күміске үндістандық Таджиндер Сингх (19,77 м) қол жеткізді.
400 метрге жүгіруден әйелдер және ерлер арасындағы бәсекеде Мерджен Ишангулиева (58,68 сек.), Аделина Ахметова (1.01,34 мин.) және Дмитрий Коблов (50,99 сек.) іріктеу сынынан іркілмей өтіп, финалға жолдама алды. Финал 8 шілде күні өтеді.
Жалпы, чемпионаттың екі жарыс күнінде 18 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бейресми турнир кестесінде Үндістан спортшылары көшбастап тұр. Жарыс қожайындары 6 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль еншілеп үлгерген. Екінші орында Қытай атлеттері (4, 3, 3), үшінші орында – Иран (3, 0, 1), ал Қазақстан құрамасы төртікті түйіндеп тұр (1, 1, 1).