Еліміздің үздік атлеттері Азия чемпионы аттанды
2017 ж. 05 шілде
2548
0
Еліміздің үздік атлеттері Үндістанның Бхубанешвар қаласына келіп жетті. Енді олар 6-9 шілде аралығында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Бұл туралы Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтында хабарланды.
Әйелдер арасында 100, 200 метрге жүгіру және 4х100 бойынша командалық эстафетадан кез-келген сарықұрлықтағы жарыста біздің спортшылар фаворит болып саналады. Өткен жылғы маусымда Ольга Сафронова мен Виктория Зябкина Азиядағы ең үздік нәтижені көрсеткен болатын. Биыл да аталған спортшылар өз бабында жүр.
Қазақстандық қос атлетке негізінен Қытай, Үндістан және Бахрейн қыздары қарсылас болуы мүмкін. 100 метрге жүгіруден қытайлық Юань Цици мен үндістандық Чанд Дьюти биыл бұл қашықтықты 11,30 секундта жүгіріп өткен.
Ал 200 метрге жүгіруден Азияның үздік үштігінің қатарында Виктория Зябкина (22,81 сек.), бахрейндік Идидионг Одионг (22,95 сек.) және тағы бір жерлесіміз Ольга Сафронова (23,11 сек.) бар.
100 метрге жүгіруден командалық эстафетадан Қазақстан намысын Ольга Сафронова, Рима Кашафутдинова, Виктория Зябкина, Светлана Голендова қорғайды. Олар Ғұсман Қосанов мемориалында бұл қашықтықты 43,03 секундта бағындырған. Біздің басты қарсыласымыз қытайлық команда Нассаудан өткен әлем чемпионатында 100 метрді 43,11 секундта жүгірген. Сондықтан Үндістан бас жүлдені Қазақстан мен Қытай қыздары сарапқа салуы мүмкін.
Жалпы, Қазақстаннан Бхубанешварға 31 спортшы аттанды. Спринтерлерден бөлек, 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Әйгерім Шыназбекова, Анастасия Виноградова, орта қашықтыққа жүгіруден Элина Михина, Мерджен Ишангулиева, Татьяна Нерознак, Аделина Ахметова, биіктікке секіру Надежда Дубовицкая, үш қарғып секіруші Ирина Эктова мен Мария Овчинникова, балға лақтырудан Диана Нүсіпбекова, найза лақтыруданВарвара Назаров, жетісайыстан Надежда Кирнос бар.
Ерлерден ел намысын Владислав Григорьев (100 және 200 метрге жүгіру), Иван Иванов (ядро серпу) Вячеслав Земс (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру) Артур Гафнер (найза лақтыру), Данил Полянский (сырықпен секіру), Роман Лошкарев (биіктікке секіру)Александр Киселев (ұзындыққа секіру), Игорь Кондратьев (400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Дмитрий Коблов (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Андрей Соколов (400 метрге және 4х400 эстафета бойынша жүгіру), Роман Валиев (үш қарғып секіру), Алексей Гусаров (1500 метрге жүгіру), Евгений Миловацкий (диск лақтыру) қорғайды.
qazaquni.kz