Әскер барысы Еламан Ерғалиев қазақ күресінен жетінші республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Baq.kz.
Еламан Ерғалиев «Қазақстан Барысын» жеңіп алды
2017 ж. 02 шілде
3068
5
Алматы облысының балуаны, тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұл күміс белбеуді иеленді. Ал үшінші орын шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровқа бұйырды.
Астана қаласындағы «Барыс арена» сарайында басталған додаға еліміздің нағыз «сен тұр, мен атайын» сайыпқырандары қатысты.
Бұған дейін жарыстың үш кезеңі өткен болатын: ауылдық, аудандық, облыстық. Соңғы финалдық кезеңде 34 палуан өнер көрсетті.
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өткен бәсекенің чемпионы 25 миллион, ал оның бапкері 3,5 миллион теңге алады. Сондай-ақ арнайы белбеу мен «Тайтұяқ» табыс етіледі. Екінші орынға 5,5 миллион, үшінші орынға 1 миллион 800 мың теңге беріледі.
«Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Қазспорт» телеарнасы бәсекені бастан-аяқ тікелей эфирден көрсетті.
Айта кетейік, тамыз айында палуандар «Әлем Барысы» халықаралық турнирінде тағы бір рет күш сынасады.