"Атырау марафон" мыңдаған қала тұрғынын біріктірді
2017 ж. 06 мамыр
1947
2
Бүгін Атырауда өткен "Атырау марафон" бұқаралық жүгіру акциясына бір уақытта 2000-астам қала тұрғыны қатысты. 10 және 21 шақырым қашықтықты қала тұрғындарымен бірге атақты спортшылар, шетелдік мамандар, тіпті, қала басшылығы да еңсеріп, жүгіріп өтті.
Бұл туралы Жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Атырау облысы әкімдігінің, облыстық Жеңіл атлетика федерациясы мен "Infinity" фитнес-клубының ұйымдастыруымен өткен "Атырау марафон" шарасы бұдан былай дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.
Бір қызығы, марафон сайысында өзге елдерден ғана емес, тіпті, өзге құрлықтардан келген желаяқтар жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жас өлшемдеріне байланысты 10 шақырымдық аралықта Австралиядан келген 37 жасар жүйрік Мэтью Куин жеңімпаз атанса, осы аралықтың абсолютті чемпионы болып Бисұлтан Қайыров пен Адель Шабанова танылды.
21 шақырымдық аралықта Базарбай Дәуталиев пен әйелдер арасында Жапониядан келген Наоми Ваймант жеңімпаз атанса, осы аралықта ересектер арасында Бауыржан Берғали мен Уэльстен келген Ребекке Демперс абсолютті жеңімпаз атанды.
Бір атап өтерлігі, "Атырау марафонға" облыс әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев пен Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов та қатысты. Шапкенов - облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті болып табылады.
Марафон қалалық "Мұнайшы" стадионында мәреге жетті. Шараның музыкалық финалында қатысушылар танымал эстрада әншілері Қайрат Нұртас пен Маржан Арапбаеваның концертін тамашалай алды.