Ерен туған ер Бекзат
2011 ж. 14 сәуір
3753
2
Осыдан тура он бір жыл бұрын Бекзатынан қапыда айырылған қазақ халқы бүгінде батырын сағынышпен жүрекке сақтаған. Сидней олимпиадасында тәй-тәй басқан тәуелсіз қазақ елінің көк байрағын желбіреткен Бекзат Саттарханов аман жүрсе осы жылы орда бұзар отыздан асып, отыз бір жасқа толар еді…
Қасиетті Түркістанда туылып, киелі топыраққа жерленген Ер-Бекзатты Түркістан жұртшылығы ерекше ықыласпен еске алды. Әуелі батырдың басына барып құран бағыштаған соң, көпшілік мәдениет сарайына еске алу кешіне жиналды. Кеш бір тақыл үнсіздіктен кейін ХҚТУ-нің тәрбие ісі жөніндегі вице-президенті Жамбыл Айменов пен қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Темірхан Рыскелдиев алғы сөздерімен ашылды. Жұлдыздай жанып сөнген Бекзаттың ата-анасы Сейілхан Саттарханов пен Сырлыкүл Шойбекова ұлдары жайлы шерлі сыр мен бүгінгі өскелең ұрпаққа өнегелі әңгіме айтты. Жас әншілер мен ақындардың арнауларымен бірге режиссер Сатыбалды Текеевтің «Бекзат» атты деректі фильмі тамашаланды.
«Менің намысым-елімнің намысы» деген ұранмен биікті бағындыруды көздеген, олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы болам деген арманшыл бозбаланы еске алу кешінде көзіне еріксіз жас алмаған адам болмады.
«Ер есімі-ел есінде». Қазақтың маңдайына дара біткен Ер-Бекзат өлген жоқ. Ия. Өлмеді. Өлмейді де. Халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Ақбота Мұсабекқызы,
ХҚТУ-нің журналистика бөлімінің
2-курс студенті