«Алтай» волейбол командасы екі мәрте ел чемпионы атанды (ФОТО)

Шығысқазақстандық «Алтай» волейбол командасы Ұлттық Лигада ерлер арасында ел чемпионатының жеңімпазы атанды. «Буревестник-Алматы» волейбол командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңген алтайлықтар уақытынан бұрын біріншіліктің чемпионы атағына қол жеткізді. Осылайша «Алтай» екі мәрте ел чемпионы атанып, жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді.

Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникация қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Павлодар облысының «Павлодары» екінші орынды иеленсе, «ТНК «Казхром» командасы чемпионаттың қола жүлдесін қанағат тұтты. Марапаттау рәсіміне ШҚО әкімі Даниал Ахметов қатысып, жүлдегерлерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бұл біздің облыстың ғана емес, барлық волейболсүйер қауымның жеңісі деп білемін. Аймағымызда осы спорт түрінің дамуына атсалысып, клубты қолдап отырған облыс басшылығына алғысымымды білдіремін, – деді «Алтай» волейбол клубының бас бапкері Игорь Никольченко. Реті келгенде айта кетейік, өткен маусымда тарихта бірінші рет «Алтай» волейбол клубы ел біріншілігін жеңіп алған-ды. Ол кезде де чемпионат аяқталмай жатып жеңіске жеткен еді.