Елімізде допингпен ұсталған спортшылардан сыйақысын қайтару заңмен міндеттелмек
2017 ж. 02 наурыз
3644
4
Елімізде бұдан-былай допингпен ұсталған спортшылар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Тіпті, мемлекет берген сыйақы, көлік пен пәтерін де қайтарып беруі тиіс деп хабарлайды КТК арнасы.
Әйгілі боксшы Серік Сәпиевтің бұл депутат ретінде мәжіліске алғашқы келуі. Қатты қобалжығаны соншалық, орнын іздеп әлекке түсті. Жерлесі Мұхтар Тінікеевтің креслосына жайғасқан спортшы енді заң шығарумен белсене айналыспақ. Саясатқа ауысқан Олимпиада чемпионын мәжіліс спикері қалжыңмен қағытып, қызметіне сәттілік тіледі.
Сәпиев келгеннен бе, әлде сәйкестік пе, депутаттардың талқылаған мәселесі негізінен спорт төңірегінде болды. Халық қалаулыларын әсіресе, спортшылардың жаппай допингпен ұсталып, қазақ елін әлем алдында беделін түсіруі алаңдатып отыр.
Сондықтан тыйым салынған дәріні қолданғандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Тіпті мәжілісмендер чемпиондардарға берілген миллиондаған сыйақы, үй мен көлікті қайтаруды заңмен міндеттеу керек дейді.
"Олимпиадаға қатысатын спортшылар бала емес, ел атынан шыққан мықтылар ғой. Өз ісіне жауап беруі керек. Сол үшін олимпиада алдында спортшылармен келісімшартқа отыруымыз қажет. Яғни, кейін қанынан допинг табылып жатса, медалін ғана емес, мемлекет берген сыйақыны да қайтарып беруі тиіс", - дейді Азат Перуашев.
Әрі басы дауға қалған спортшы ғана емес, жаттықтырушысы да сыйақысынан айырылуы мүмкін. Бұған қатысты Спорт министрі ашық қарсылық танытпаса да, қолданыстағы заңды қайта қарап жатқандарын айтты. Ал су жаңа депутат Серік Сәпиев допингпен ұсталған спортшыларды жазалау дұрыс емес дейді.
"Спортшыны қылмыстық жауапқа тарту қисынсыз. Яғни, елдің үмітін ақтап, алтын алған соң, сені бәрі мақтан етеді. Бірақ, кейін екі жылдан соң, аяқ асты дәрі табылып жатса, қарабет боласың. Ал, допинг расымен табылды ма, жоқ па оны ешкім білмейді", - дейді ол.
Осылайша, мәжілістегі алғашқы жұмыс күні Сәпиев спортшыларға араша түсті. Десе де, спорт министрлігі чемпиондарды жауапқа тарту туралы депутаттардың ұсынысын ескереміз деп отыр. Ал, допинг дауына іліккен атақты бірнеше ауыр атлет бұған дейін алтындарын қайтарып берген еді. Енді шенеуніктер заңмен тыйым салса, күш қуат беретін дәріні қолдану азаяды деген үмітте.