«Астана арландары» өзбек командасын ойсырата жеңді
2017 ж. 18 ақпан
2824
3
Талдықорғанда өткен кездесуге «Өзбек Тайгерс» командасы кілең мықтыларды әкелді. Өзбектің Рио Олимпиадасында жүлдегер атанған үш боксшы шаршы алаңға шықты. Ал «Астана арландары» сапында Олимпиадада ел намысын қорғаған тек бір боксшы ғана болды. Алайда қарсыластар құрамы тәжірибелі боксшылардан жасақталғанымен, «Арландарға» айтарлықтай тойтарыс бере алмады.
52 келі: Олжас Сәттібаев – Аброржан Қадыров
Жанкүйерлер асыға күткен кешті команда капитаны, 52 келі салмақтағы Олжас Сәттібаев бастады. Бірінші раундта екі боксшы да бірден шабуылға шықты. Екінші раунд қазақ боксшысының басымдығымен өтті. Үшінші раундта Аброржан Қадыров белсенді болып, жойқын соққылар жасады. Тәжірибелі қазақ боксшысы сауатты қорғанды. Бірақ төрешілер бұл раундта жеңісті өзбектің былғары қолғап шеберіне берді. Қалған раундта Біржанның қарсыласынан мысы басым түсті. Нәтижесінде үш төреші де жеңісті қазақ боксшысына берді. Осылайша, Олжас алғашқы жеңісті қоржынға салды.
60 келі: Зәкір Сафиуллин – Муроджан Ахмадалиев
Кездесу басталғаннан-ақ Зәкір өзінің тәжірибелі боксшы екендігін көрсетті. Сауатты қорғанды. Оның жойқын соққылары қарсыласының мысын басты. Екінші раундта өзбек боксшысы кеткен есесін қайтаруға тырысты. Бірақ төрешілер басымдықты қазақ оғланына берді. Жекпе-жектің үшінші бөлігінде қарсыластар алма-кезек соққы алмасумен болды. Кездесудің соңғы бөлігінде Зәкір қарсыласын ауыр соққылардың астына алды. Сондай сәтте ол есеңгіреп қалғандай көрінген. Бірақ төрешілер мұны есепке алмады. Соған қарамастан Зәкір Сафиуллин өзінің мықтылығын мойындата білді.
69 келі: Асланбек Шымбергенов – Шахрам Гиясов
Гонг соғылғаннан бастап, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері бірден шабуылға шықты. Асланбек те аянып қалмады. Сауатты қорғанып, орайы келген сәтте бірнеше соққысын жасады. Бірақ төрешілер алғашқы раундта жеңісті Шахрамға берді. Екінші раундта да өзбек боксшысы белсенді болды. Кездесудің үшінші бөлігінде жерлесіміз намысты қолдан бермеуге тырысты. Ол қарсыласына жойқын соққылар жасады. Өкінішке қарай, бұл раундта да қазылар алқасы жеңісті Рио Олимпиадасының жүлдегеріне берді. Төртінші раундта Асланбек қаһарына мінді. Кеткен есесін қайтаруға бар күшін салды. Кездесудің соңғы сәтінде Шахрам Гиясов басымдықты ұстап тыруға тырысқан. Алайда Асланбектің жойқын соққысы тәжірибелі өзбек боксшысына дөп тиіп жатты. Осылайша, ол жеңіске жетті. Нәтижесінде, «Астана арландары» «Өзбек Тайгерс» командасын мерзімінен бұрын жеңді. Қорытынды есеп – 3:0
81 келі: Нұрдәулет Жарманов – Бектемір Меликузиев
Нұрдәулеттің қарсыласы да оңай шағылар жаңғақ емес еді. Ол қазіргі өзбек боксының жұлдызы Бектемірмен жұдырықтасты. Жерлесімізге оңай болған жоқ. Төрешілер бірінші раундта жеңісті өзбек боксшысына берді. Кездесудің екінші бөлігінде Бектемірдің жойқын соққысы Нұрдәулетті есеңгіретіп жіберді. Төреші есеп ашты. Кездесудің соңғы бөлігінде қазақ боксшысы кеткен есесін қайтаруға тырысқан. Бірақ барлығы кеш еді. Бектемір жастығына қарамастан, Нұрдәулеттен айласын асырды. Нәтижесінде өзбек боксшысы өз командасына алғашқы жеңісті сыйлады. Есеп 4:1.
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Баходыр Жалолов
Аса ауыр салмақта ел намысын қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев қорғады. Кездесу басталысымен-ақ, қазақ боксшысы басымдықты өз қолына алды. Оның жойқын соққылары қарсыласының батыл қимылдауына мүмкіндік бермеді. 5 раундтың қорытындысы бойынша, Қамшыбек қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Сонымен, «Астана арландары» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бұдан бұрын, олар Ресейде жергілікті «Patriot Boxing Team» клубын 3:2 есебімен ұтқан болатын.