«Алматы Арена» стадионында тұңғыш президент күні мерекесіне орай өткен«Еуразия барысы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы чемпион атанды.
Ақтық сында ел командасы моңғолиялықтармен кездесіп, 6:2 есебімен жеңіске жетті деп жазады egemen.kz.
Сайысқа 8 елден барлығы 130 спортшы қатысты. Жерлестеріміз алғашқы белдесуде Польша балуандарын 7:0 есебімен ойсыра ұтқан болса, жартылай финалда грузиялықтардан 6:2 есебімен басым түсті.
Ал Моңғолия командасы бірінші кезекте тәжіктерді 4:3 есебімен ұтып, жартылай финалда Украинаны 6:2 есебімен қапы қалдырды.
Турнир жеңімпазына 10 миллион теңге, екінші орынға 6 миллион теңге, ал үшінші орын алған Грузия балуандарына 4 миллион теңге табысталды.
Айта кетейік, бұл бәсекеде 55 келіде – Марат Нығыматұллаев, 60 келіде – Ержан Мағауинов, 66 келіде – Бақдәулет Сәбитов, 74 келіде – Aйдос Ғалымов, 82 келіде – Дәулет Пахриддинов, 90 келіде – Айбол Айтбек, 100 келіде – Мұхит Тұрсынов, + 100 келіде – Айбек Нұғымаров ел намысын қорғады.