ҚАНАТТЫҢ ЖЕҢІСІ - ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕҢІСІ!

Қазақстандық боксшы WBA Fedelatin белбеуінің иегері Қанат Ислам кәсіпқой бокста ганалық қарсыласы Патрик Аллотейді ұпай санымен ұтып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Кездесудің төрешілері 117-112, 116- 112, 116-112 есебімен жеңісті қазақстандықтың пайдасына шешті.

© massaget.kz

Бұл Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы 22 кездесуі. Отандасымыз кездесулердің барлығында да жеңіске жеткен. Тіпті оның 18 жекпе-жегін ол уақытынан бұрын аяқтаған. Қанат Ислам алдынғы кездесуінде жеңіске жетіп, WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғап қалған. Бұл - оның кәсіпқой рингте қол жеткізген алғашқы және әзірше жалғыз белбеуі. Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста "Улы жебе" деген лақап атқа ие. Салмақ өлшеу рәсімінде екі боксшының да салмағы 68 келіні көрсетті.

Сонымен қатар Алматы қаласының әкімі шаршы алаңға шығып, Қанат Исламды осы жеңісімен құттықтады. "Бұл "Алматы Арена" елбасымыздың қолдауымен салынған. Осында сені қолдауға 13 мың адам келіп отыр, оның барлығы сенің (Қанат Ислам - авт. сөзі) арқаңда", - деді Бауыржан Байбек

29 қазанда "Алматы Аренада" өткен Ислам мен Аллотей кездесуі бокс кешінің басты жекпе-жегі болды. Андеркартта қазақстандық боксшылардың барлығы жеңіске жетті. Жұман Жұмабеков беларусь боксшысы Владимир Ивановты бірінші раундта ұтса, Айдар Шәрібаев испандық боксшыны 6 раунд қорытындысы бойынша жеңіп шықты. Али Ахмедов әзірбайжандық Али Маммедовтан бірінші раундта айласын асырса, Руслан Мырсатаев ганалық Наху Азумиды жылдам жер жастандырды. Жанқош Тұраров салмақ өлшеу рәсімінде сес көрсеткен қарсыласы Айсак Ариені төртінші раундта айқын жеңіп шықты. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастап, 2010 жылы Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта нокаутпен жеңді.

Қанат Ислам 1984 жылы 13 қыркүйекте Қытайда дүниеге келген. 2010 жылы ол Қазақстанға көшіп келген. Ол кәсіпқой боксқа 2012 жылы ауысты. Бұған дейін Қанат әуесқой бокста Қытай атынан Бейжің Олимпиадасына қатысып, қола медаль алған еді. Елге оралған соң WSB сериясында өнер көрсететін елордалық "Астана арландары" командасының намысын қорғады.