ОҚО-да шенеунік Жаппарқұлға 400 мың теңге тұратын көлік нөмірін сыйлады (фото)
2016 ж. 15 қыркүйек
3032
4
Оңтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев зілтемірші Жазира Жаппарқұлдың "джип" көлігіне қымбат тұратын мемлекеттік нөмірді сыйлады, деп xабарлайды NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі.
"Енді оны Жазираның өзі айтсын. Қазір бір нәрсе деп айтуға қорқып қалдық қой... Бірақ, нөмірді Нұртаевтың сыйға бергені рас", - деп қысқаша жауап қайырды Жаппарқұлдың әкесі.
Белгілі болғандай, мемлекеттік нөмірдің бұл түрі шамамен 400 мың теңгеден астам тұрады. Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстандағы басқарма басшыларының басым көпшілігінің жалақысы 200 мың теңгенің үстінде.
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов тамыздың 31-інде Риодан жүлдемен оралған зілтемірші Жазира Жаппарқұл мен дзюдошы Отгонцэцэг Галбадраxқа пәтер кілтін табыс етіп, жол талғамайтын темір тұлпар мінгізді. Қымбат сыйлыққа ие болған спортшы Жаппарқұл екі бөлмелі пәтерді ата-анасына сыйға тартып, ал көлікті өзі тізгіндейтінін мәлімдеді. Тіпті ол көлік жүргізу куәлігін алғанына екі жыл болса да әлі күнге дейін жеке өзінің темір тұлпары болмағанын айтты.