Рио-2016: Қарсыласын қуып жүріп сабаған Василий Левит күміс жүлдегер атанды
2016 ж. 16 тамыз
2523
6
Бокстан 91 келі салмақтағы финалда бақ сынаған Василий Левит Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Бір қызығы, қарсыласын қуып жүріп сабаған Левитті төрешілер жеңімпаз деп санаған жоқ.
Рио ойындары үлкен спорттың үлкен саясат екенін тағы аңғартты. Левит өзінен бойы ұзын қарсыласына шаршы алаңның бесінші бұрышын іздетіп жіберсе де, Тищенконы бірнеше мәрте құлатса да, ресейліктің бет-жүзінен сау жерін қалдырмаса да, төрешілер қарсыластың қолын көтерді.
Мұның үлкен саясат екені белгілі. Себебі, әлемдегі ірі спорттық держава саналатын Ресей құрамасы бұл Олимпиадада өте сәтсіз өнер көрсетуде. Сондықтан, қалайда ресейлікті алтынға сүйреу қажеттігі айтпаса да түсінікті жайт.
Осы бәсекені тамашалап отырған АИБА президент Чинг Куо Ву мен Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Томас Бахты операторлар қайта-қайта көрсетті. Шенділер талай жыл тер төккен спортшылардың үмітін осылайша сөндіргенін сезбеген де шығар.
Олимпиаданың ашылу салтанатында ант берген төрешілер де, спортшылар да, бапкерлер де сөзінен тайқып кетті. Рио шаршы алаңының жанкүйерлер үшін қызығы қалған жоқ.