Фархад Харки: Ұлтымның кім екені маңызды емес, ең маңыздысы - қазақ еліне жүлде сыйладым
2016 ж. 13 тамыз
2792
0
Ұлтымның кім екені маңызды емес, ең маңыздысы - қазақ еліне жүлде сыйладым. Бұл туралы Фархад Харки Риода ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
«Ұлтымның кім екені маңызды емес. Ең маңыздысы, қазақ еліне жүлде сыйладым. Қазақстанға өзге елден келгенімді жасырмаймын. Бірақ, көптеген адамдардың тегімді сұрап, ұсаққа баратынын түсінбеймін. Бұл жерде маңыздысы менің шыққан тегім емес, жетістігім емес пе? Ендеше, ұсаққа бармайық. Мен Риода қазақтың Әнұранын шырқата алмасам да, қазақтың туын үшінші сатыдан көрсете алдым», - деді Харки.
Ол сондай-ақ, қазақ елінің азаматы екенін мақтанышпен айтып өтті.
«Мен қазір басқа бір елдің азаматы емеспін. Қазақ елінің азаматтығын қабылдадым. Мен сол азаматтықты қабылдаған күннен бастап қазақстандық атандым. Мен осы шешімді қабылдағаныма өкінбедім. Тек қуанамын. Сол үшін бақыттымын. Әлі де қазақ елінің намысын қорғауға дайынмын», - деп атап өтті Рио олимпиадасының қола жүлдегері.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиаданың үшінші күні ауыр атлет Фархад Харки Қазақстан қоржынына қола медаль салған болатын.