Рио-2016: 13 тамыздағы Қазақстан спортшыларының шығу кестесі
2016 ж. 13 тамыз
2908
2
13 тамыз күні, Рио-де Жанейродағы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар бірнеше спорт түрі бойынша сынға шығады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кешкі сағат 18:40-та Олимпиада стадионында жеңіл атлетикадан сайыстар өтеді. Үш аттап секіруден біздің құраманың майталман спортшыларының бірі, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова қатысады деп күтілуде.
Сонымен қатар Ольга Рыпакованың ізбасары Ирина Литвиненко да осы сында бақ сынайды.
20:00-де Қазақстан жанкүйерлері боксшы Олжас Сәттібаевтің өнерін тамашалай алады. Қазақстандық боксшы үшін бұл алғашқы Олимпиада, ал оның қарсыласы пуэрториколық Джевьер Синтрон Окасио Лондон Олимпиадасында ойқастаған өреннің бірі және үлкен тәжірибеге ие. Қай жеңгені Рио Ойындарының 1/8 финалына жолдама алады.
Біз үшін таңсық спорт түрі бар, ол - батутта секіру . «Жеке секіру» сайысы 2000 жылдан бастап Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Біздің елдің атынан бұл сынға шымкенттік спортшымыз Пирмаммад Әлиев шығады.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада жолдамасын ол Рио-де-Жанейрода өткен лицензиялық турнирде жеңіп алған еді. 2015 жылдан бері спортшы Америка Құрама Штаттарында жетекші маман Дмитрий Поляруштың қол астында дайындалуда.
Қазіргі уақытта Пирмаммад еліміздің бас бапкері Сергей Вертянкиннің жетекшілігімен қатысып отыр. Олимпиадалық жарыс Астана уақытымен 23:03-те басталады. Әлиевпен қатар бұл додада әлемнің өзге де мемлекеттерінен 16 спортшы қатысады.