Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар және пәтер беріледі
2016 ж. 02 тамыз
1982
1
Олимпиададан жүлделі оралған спортшыларға пәтер беріледі. Енді бұл өңір әкімдерінің жомарттығы емес, заңмен орындалуы тиіс талап деп хабарлайды 24.kz.
24.kz арнасына берген сұхбатында Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев байрақты бәсекеден алтынмен оралғандар 3 бөлмелі, күміс таққандар 2 және қола медальді еншілегендер 1 бөлмелі баспанаға ие болатынын айтты.
Мұнымен қоса спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері де өзгеріссіз қалды.
"Осындай біздің үкімет тарапынан қолдау, спортшыларға берілетін сыйақы оларға үлкен серпіліс береді. Себебі бұл әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істейді. Өзіңізге белгілі қазіргі уақытта алтынға 250 мың доллар берілетін болса, ол – қазіргі уақытта үлкен ақша", - дейді Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев.
Еске сала кетсек, Олимпиада алтынын алған спортшыға үкімет $250 мың төлейтіні бұған дейін хабарланған.
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері 5 бірдей жазғы ойындарға қатысып, 52 медаль жеңіп алды. Оның 16-сы – алтын. Ең жақсы көрсеткішке Атланта және Сидней олимпиадаларында қол жеткіздік. Ұлттық құрама жалпы командалық есепте үздік 25-тіктен түспеп еді.
Ал 2012 жылғы Лондон олимпиадасында одан да асып, 7 бірдей алтын алды. Ал бірер күннен кейін басталатын Рио ойындарында көрсеткіштер бұдан кем болмауы керек дейді жауапты мамандар. Сәйкесінше, жоғарыдағы сыйақыға ілігетін спортшылар саны да көбеюі тиіс.