Бүкіләлемдік бокс сериясына қанша қазақ қатысады?
2016 ж. 31 қаңтар
3827
0
Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) дүниежүзі бойынша танымал жарыстардың біріне айналып үлгерді. Бүгінде алтыншы маусымның алғашқы іріктеу жарыстары басталып кетті.
2010 жылы алғаш рет тұсауы кесілген жобаға биыл айтарлықтай өзгерістер енді. Бүкіләлемдік бокс сериясының басшылары жарысқа қатысуға ниет білдірген он алты команданы төрт топқа бөлді.
«Астана арландары» командасы жеребе қорытындысы бойынша «D» тобында Әзербайжан, Өзбекстан және Пуэрто-Рика клубтарымен бірге өнер көрсетуде. Команда құрамы негізінен қазақтың қарадомалақ ұландарынан жасақталған.
Айталық, 49 келіде Мардан Берікбаев, Теміртас Жүсіпов, Жомарт Ержан, 52 келі салмақта Олжас Сәттібаев, Азамат Исақұлов, Азат Махметов, 56 келі салмақ дәрежесінде Мейірболат Тоитов, Нұрбол Қалжанов, Нұрсұлтан Көшеғұлов, 60 келі салмақта Ержан Мүсәфіров, Бақдәулет Ибрагимов, 64 келі салмақта Самат Бәшенов, Асхат Уәлиханов, Сабыржан Бақбергенов, 69 келі салмақ дәрежесінде Асланбек Шымбергенов, Қанағат Маралов, 75 келі салмақта Мейірім Нұрсұлтанов, Аманқұл Әбілхан, Ерік Әлжанов, Рустам Сваев, 81 келі салмақта Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбек, 91 келіде Мұхамеджан Еркін, Рахман Әлжанов, ал аса ауыр салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Аманжолов, Қамшыбек Қоңқабаев, Нұржан Бекзатов сияқты қазақтың ұрда-жық азаматтары былғары қолғабымен талай шаршы алаңда ел мерейін асырып, атой салып жүр.
«Астана арландары» өнер көрсететін «D» тобындағы Өзбекстан құрамасында тағы бір қазақтың қаракөз ұланы шаршы алаң көрігін қыздыруға әзір.
Өзге елдің туының астында өнер көрсететін қандасымыз осыған дейін біраз биіктерді бағындырып үлгерген. Алдағы айқастарда отандастарына қарсы жекпе-жекке шықпақ. Оның есімі - Елнұр Әбдірайымов.
Елнұр өткен жылы жазда Катар астанасы Дохада өткен бокстан әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасына қола жүлде сыйлап қана қоймай, Рио Олимпиадасының жолдамасында жеңіп алған болатын. Бүгінде көрші елдің намысын қорғап жүрген ол 1994 жылы Ташкент облысына қарасты Бостандық ауданында дүниеге келген. Елнұр осыған дейін бірнеше халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанған.
Жалпы, Өзбекстан боксшылары қандай жарыс болмасын қазақ боксшыларының ең мықты қарсыластарының бірі екенін білеміз. Сондай-ақ, Бүкіләлемдік бокс сериясы жобасына өзбекстандық боксшылар тұңғыш рет қатысып отыр. Сондықтан, биыл «Астана арландары» үшін өз топтарының үздігі атанып, финалға жетуі үшін аянбай тер төгуіне тура келеді.
Ал «А» тобында Куба, Украина, Түркия, Қытай елдерінің боксшылары қолғап түйістіреді. Осы топтағы Қытай құрамасында тағы бір қазақтың өр мінезді ұланы сол елдің атынан жұдырықтасуды жөн санапты. Оның есімі - Серік Төлеутайұлы. Ол қазір 22 жаста. 2013 жылы бокстан Қытай ұлттық құрамасына кірген Қанат Исламнан кейінгі екінші боксшы. Оған дейін Қытай құрамасының сапында болған Қанат Ислам 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола медаль жеңіп алғанын жақсы білеміз. Серік Төлентайұлы 2013 жылы Қытай чемпионы атанып, сол елдің атынан Алматыда өткен әлем чемпионатына да қатысып қайтқан болатын. Өкінішке қарай, Алатау бөктерінде өткен аламанда бағы жанбады. Бірінші айналымнан асып шаба алған жоқ-тұғын. Бірақ, қазақтың қайсар ұланы оған бола жасып қалған жоқ, одан кейінде Қытай құрамасында жаттыға жүріп, миллиардтар арасында өз салмағының үздігі атанып келеді. Ол биылғы Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында өтетін додаға қайта оралған Қытайдың China Dragons клубының толыққанды мүшесі атанып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, WSB жобасына Қытай ең алғашқы маусымда бір жыл өнер көрсетті де, белгісіз себептермен 2-3-4-5- маусымда жобаға қатыспаған болатын. Міне, биыл 6 маусымда қайтадан команда жасақтап, шаршы алаңға екінші мәрте қайта оралып отыр.
Ал әзірге «В» тобында Мексика, Марокко, АҚШ, Ұлыбритания боксшылары мен «С» тобыдағы Ресей, Аргентина, Польша, Венесуэла елдерінің боксшылары арасында қазақ боксшылары бар дегенді естімедік.
Міне, Бүкіләлемдік бокс сериясы жобасында қанша қазақ ұланы жұдырықтасып жүргенін өздеріңіз санай беріңіздер. Қазақ жігіттері қайда жүрсе де, Алаштың абыройын асырып жатса, бізге одан артық мақтаныш жоқ. Әр қашан осындай ұландарымызға қолдау көрсете білейік.
Естеріңізге сала кетейік, Бүкіләлемдік бокс сериясының алтыншы маусымына арналған ереже бойынша әр топтан үздік шыққан екі команда жарыстың ширек финалына шығады. Топтық бәсекенің жекпе-жектері олимпиялық айналым бойынша өтеді.
Дерек көзі: ҚазАқпарат
Күнсұлтан Отарбай