Самат Смақов: Шетелдік ойыншыларсыз қазақ футболы әзірге жоғары жетістікке жете алмайды
2016 ж. 12 қаңтар
4215
2
Қазақстанның үздік футболшысы Самат Смақов NUR.KZ-ке эксклюзивті сұхбат берді. Еліміздегі футбол жанкүйерлеріне «Сэм», «Кэп» атымен танымал спортшы Самат Смақов жеке басына қатысты құпияларымен бөлісті.
Қазақша сөйлей алмайтынын айтқан спортшы балаларына қазақы тәрбие беріп жатпағанын да мойындады.
«Үш балам бар, отбасыммен Алматыда тұрамын. Қызым Самира 10 жаста. Гимнастикамен айналысып жүрген оның жетістіктері жоқ емес. Жақында халықаралық жарыстан үшінші орынды иеленіп қайтты. Ұлым Аламгир де спортқа жақын. «Қайрат» футбол клубының академиясында жаттығып жүр. Ол қазір 7 жаста. Футболға қызығушылығы жақсы, жаман ойнамайды. Ал, кішіміз Данияр 3 жасқа енді толады. Үйдің кенжесі, әзірге ерке. Отбасымызда орысша сөйлесеміз, балаларым да орыс мектебіне барады. Өзім қазақша түсінемін, бірақ айтуға қиналамын»,-дейді Смақов отбасы туралы.
Өзінің жеке өмірінде болып жатқан жаңалықтармен үнемі әлеуметтік желіде бөлісіп отыратын спортшы жанкүйерлерден ештеңе жасырмайтынын айтты. Спортшының жеке парақшасына кірген адам оның шетелде демалғанды жақсы көретінін бірден аңғарады. Ол демалысында және отбасылық мерекелерде көп жағдайда шетелде өткізеді.
«Бос уақытымды көбіне балаларымның қасында өткізуге тырысамын. Бильярд ойнағанды ұнатамын. Ішімдіктен демалыстарда бас тартпаймыз. Аздап сыра ішемін»,-дейді Самат.
Смақовтар отбасының жеке кәсібі де бар. Оны әйелі дөңгелетіп отыр.
«Жеке кәсіппен айналыспаймын. Әйелім үйде отырып қалмас үшін шағын кәсіппен айналысып жүр. Өзінің әйелдер киімін сатуға арналған дүкені бар»,-дейді капитан.
Әлеуметтік жел арқылы бір-біріне үлкен құрмет пен ілтипат білдіріп отыратын Самат пен Ума бірін-бірі қызғанбайтын болып шықты. Отбасы мүшелері оған жол бермейді екен. Саматтың ұзын бойлы, әдемі жігіт екенін айтып, қаншама қыз хат жазғанымен ол тек жарын сүйетінін айтты. Уманың жеке парақшасындағы жартылай жалаңаш суреттеріне де спортшы еш ренішсіз қарайды.
«Біз бір-бірімізді ұнатамыз, сыйлаймыз. Әйелімнің қызғануына ешқашан жол берген емеспін»,-дейді Самат.
Смақовтың «Ақтөбе» клубына қайтып келетіні ғаламторда үлкен талқыға түскен болатын. Саматтың “ақ-қызылдылар” арасына оралатынын айтып, бірінші «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев Facebook желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
«Біздің капитан Самат Смақовтың “Ақтөбеден” кеткенін Жаратушының өзі де қаламаған секілді. Келіссөздер жүргізіліп, футболшы «Ақтөбе» клубында ойнайтын болды… Ақтөбеліктерді Саматтың қайта оралуымен құттықтаймын! Ол клубты алға сүйрейтініне сенімдімін! Қайта оралуыңмен, Самат!» – деп жазды Дмитрий Васильев.
Бірақ, Смақовтың “Ақтөбеге” қайтадан капитан болу-болмауы белгісіз.
«Біз биылғы жылдан бастап жаңа әдісті пайдаланатын боламыз. Команда капитаны болу ойынға шығатын 11 футболшының үздігіне бұйырады. Жақсы ойын көрсете білген ойыншыға капитан статусы бұйырады. ИншаАллах, бәрін алда көретін боламыз. Келісім шартпен жұмыс жасап жатқан 8 шетелдік ойыншымыз бар. Клуб Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына әзір аттанған жоқ. Саматпен келісім шарт бірінші оқу-жаттығу кезінде жүргізіледі»,-дейді «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев.
Футболшы 37 жасқа толса да өз бабында тұрғанын айтады.
«Капитан болу маңызды емес, бастысы мен «Ақтөбе» командасында ойнаймын. Мен өзім осыны қаладым. Онда оралу үшін төмен жалақыға да келістім. Өзімнің бұрыңғы нөмірімді сұрап көремін, соны алуға тырысамын. Футболда енді қанша ойын көрсететінімді айта алмаймын. Бірақ, бір жыл ойнайтыным анық. Ең бастысы- жарақат алмасақ болды. Футболдан ойыншы ретінде кетсем де осы салада қаламын. Бапкерлік немесе басқа қызмет бұйырар»,- деді Смақов.
Сонымен қатар, спортшы шетелдік ойыншыларсыз қазақ футболы әзірге жоғары жетістікке жете алмайтынын да айтып қалды.
«Шетелдік ойыншылардың тек сапалы ойын көрсететінін алу керек деп ойлаймын. Олар арнайы шақыртылғаннан кейін жоғары деңгейде өнер көрсете алуы қажет. Ал, шетелдік ойыншыларсыз үздік ойын көрсететіндей жағдайға біз әлі жеткен жоқпыз. Сондықтан, Қазақстандағы футболды шетелдік ойыншыларсыз елестету әзірге мүмкін емес»,-деді Самат Смақов.
qazaquni.kz