Қазақстан спортшылары Рио-де-Жанейро Олимпиадасының 43 жолдамасын ұтып алды
2015 ж. 15 желтоқсан
1908
0
Қазақстан 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиадасының 43 жолдамасын ұтып алды.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мәлім етті.
«Қорытындылар туралы Сіздер білесіздер, биыл барлығы 43 жолдама алдық. Жыл соңына дейін біздің велошабандоздар тағы 2 жолдама алады деп үміттенеміз», – деді ол.
Оның айтуынша, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына дайындықты пысықтау мақсатында арнайы штаб құрылды.
«Даярлау ісі уақытымен жүріп жатыр. Ешқандай бөгет жоқ, спортшылар жаттығуда. Жалпы, біз дұрыс бағытта келеміз. Хьюстонда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында біз алғаш рет барлық 10 жолдаманы алдық. Ол да бір үлкен жетістік», – деп атап өтті Мұсайбеков.
Вице-министрдің хабарлауынша, Олимпиадаға дейін жолдамаларды сарапқа салатын 70 халықаралық жарыс өтеді. «Келесі жылы маусымда біз қорытынды жиын өткізіп, қанша лицензия ұтқанымызды хабарлаймыз», – дейді ол.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы Елсияр Қанағатов, Қазақстанға әлі де болса, Олимпиадаға дейін тағы 60 жолдама ұтып алатын мүмкіндік бар екендігін атап өтті.
«Барлығы жоспар бойынша келе жатыр. 2015 жылы біз 10 спорт түрі бойынша 40-қа тарта лицензия жеңіп аламыз деген жоспар қойған болатынбыз. Сол жоспарды орындадық. Сонымен қатар болжам бойынша тағы 60 жолдама ұтып ала аламыз. Жолдаманың басым бөлігі келесі жылы ойнатылады. Біз уақыттан қалып жатқан жоқпыз, Лондон Олимпиадасына да осындай меже қойылған еді», – деп сендірді Қанағатов.
Дереккөз: ИА "Казинформ"