17 жастағы маңғыстаулық дзюдошы Азия чемпионы атанды
2015 ж. 13 қазан
2656
1
Маңғыстау облысының 17 жасар спортшысы Сұңғат Жұбатқан бүгін Бангкокта (Таиланд) аяқталған дзюдодан Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.
Жарысқа барлығы 24 елдің дзюдошылары қатысқан. Қазақстан құрамасында 16 бозбала мен 16 бойжеткен болған. Соның ішінде Маңғыстау облысының атынан Сұңғат Жұбатқан, Әмірбек Жеңісов, Кәмшат Қарасайқызы шықты.
«Қазақстан қоржынына бір алтын медаль салғаныма өте қуаныштымын. Бірінші жекпе-жегім Таиланд дзюдошысымен, екіншісі - ирандықпен, ал үшіншісі - Оңтүстік Кореяның спортшысымен болды. Оны жеңген соң, финалға шықтым. Ақтық кезеңде Солтүстік Кореяның дзюдошысына қарсы шығуыма тура келді. Жеңіс оңай келген жоқ, мен алтынға адал жолмен қол жеткізгенімді айтқым келеді», - деп бөлісті дзюдошы Сұңғат Жұбатқан.
Чемпионатқа дейін Сұңғат самбодан әлемнің күміс чемпионы және Қазақстанның дзюдодан 3 дүркін чемпионы болған. Азия чемпионатының қорытындылары бойынша тағы бір маңғыстаулық дзюдошы - Кәмшат Қарасайқызы (жаттықтырушысы - Қуаныш Ізбенов) қола медальға қол жеткізді. Сұңғаттың жаттықтырушысы - Манарбек Бисекенов.
«Біздің спортшыларымыз өздерін лайықты көрсетті. Алар асулары алда. Жарайсыңдар!» - деді «Жастар» спорт мектебінің директоры, Маңғыстау облысының самбо және дзюдодан бас жаттықтырушысы Манарбек Бисекенов.