Астана әуежайының қызметкері Головкинді ғимараттың VIP-залына өткізбеді
2015 ж. 24 шілде
3942
5
"Головкин бұл залдан өте алмайды, ол шенеунік әлде шенеуніктің туысы болуы керек"
Астана. 24 шілде. Baq.kz – Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы, WBA (Super), IBO және WBC (Interim) чемпиондық белбеулерінің иегері Геннадий Головкинді туған жерінде құшақ жайып қарсы ала қойған жоқ деп жазылған ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі "Геннадий GGG Головкин" тобында.
Атақты боксшы Астанаға отбасымен бірге келген. Алайда, әуежай қызметкері оны VIP-зал арқылы өткізуден бас тартыпты. "Головкин ақшасын төлемегенше бұл залдан өте алмайды немесе ол шенеунік әлде шенеуніктің туысы болуы керек" деген аталған әуежай қызметкері. Оның бұл жауабы әуежайдағы өзге жолаушылардың ашуын туғызып, әңгіме соңы айқай-шуға ұласқан көрінеді.
Мұнан кейін Геннадий Головкин тиісті ақшасын төлеп, VIP-зал арқылы қалаға шыққан.
Айта кету керек, Головкин былтырғы қарашадан бері Қазақстанда болмаған, ол туған-туыстарымен қауышу үшін елге оралды.
Baq.kz