“Қазақстан Барысы” турнирінде төрешілер бір күнде 1 миллионға жуық табыс табады

«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде төрешілер бір күнде 1 миллионға жуық табыс табуға мүмкіндік алып отыр. Мұны «Қазақ күресі» ұлттық күрес федерациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

Қазақ күресінен халықаралық турнир. Төреші Болат Ибрагимов

Қазақ күресінен халықаралық турнир. Төреші Болат Ибрагимов

“Жемқорлықпен күресу мақсатында осындай шараны қолға алуды ұйғардық. Өздеріңізге белгілі, жемқорлықты түп-тамырымен жою мүмкін емес, оны тек қысқартуға болады. Осы мақсатта біз мынадай бір тәжірибені жұмысты барынша қолға алдық: бір жыл бойы төрешілердің жұмысын бақыладық, адамгершілігі мол, ертең бізді ұятқа қалдырмайтын мамандарды іріктеп алдық. Сөйтіп, 20 төрешіге жеребе тартқызып, алтауын таңдап алдық. Олар турнирде төрелік ететіндерін жарыс басталардан бір күн бұрын ғана білді. Олармен жеке сөйлестік, ұялы телефондарын алып қойдық, 200 мың теңгеден кепілдік алдық”, – дейді Арман Шораев.

Өздеріңізге белгілі, жемқорлықты түп-тамырымен жою мүмкін емес, оны тек қысқартуға болады

Кейін турнир аяқталған соң ақшалары мен телефондарын қайырып, қосымша 900 мың теңгеден ақы төленеді.

“Бұл – олардың бір күндік табысы. Ақшаның қадірін білген адамға – бұл аз ақша емес. Бұл – төрешілердің ақшаға сатылуын және бұра-тартуын жоюдың бірден-бір жолы деп ойлаймын. Біз биыл да дәл осы жүйемен жұмыс істейміз. Дегенмен, айта кету керек, бокс, күрес, көркем гимнастика сынды спорт түрлерінен жарыс өткізгенде әділ төрелік ету өте қиын. Әділдік тек жеңіл атлетикада болады, онда бәрі айқын, мәре сызығын алғашқы болып кескен адам жеңеді. Ақшаны көргенде жолдан таймайтын төреші кемде-кем, біз осы олқылықты түзетуге барынша күш салып отырмыз», – дейді Шораев.

Еске сала кетейік, 2013 жылы Ержан Шынкеев пен Бейбіт Ыстыбаев арасындағы кездесу төрешілердің қателігінен үлкен дауға ұласқан болатын.

"Қазақстан Барысы" турниріндегі төрешілер

“Қазақстан Барысы” турниріндегі төрешілер

Сондай-ақ, федерация президенті «Қазақстан Барысы» турнирiн әлем бойынша жарты миллиард көрермен тамашалайтынын айтты.

«Бес жылда бiздiң жоба тек бiзде ғана емес, басқа елдерде де өте танымал болды. «Қазақстан Барысы» Ресей, Түркия және басқа елдерде үлкен қызығушылыққа ие», – дейдi Арман Шораев.

Оның сөзiнше, «Қазақстан Барысы» турнирiнiң жалпы аудиториясы әлем бойынша 500 млн көрерменнен асып жығылады.

Айта кетейiк, Назарбаев жүлдесi үшiн өтетін «Қазақстан Барысы» турнирiне биыл бес жыл толып отыр. Турнирдiң ақтық сыны Астана күнi қарсаңында 4 шiлдеде «Сарыарқа» велотрегiнде өтедi. Дәстүр бойынша додаға iрiктеу кезеңдерiнен өткен 32 балуанмен қатар былтырғы жылғы жеңiмпаз Мұхит Тұрсынов та қатысады. Турнирдiң жүлде қоры 225 мың долларды құрайды.

Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас