Astana Arlans — Бүкіләлемдік бокс сериясының екі дүркін чемпионы атанды

Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде екі күнге созылған Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) бойынша Astana Arlans пен Cuba Domadores арасындағы финалдық кездесуде қазақстандық команда чемпион атанды.

Nur.kz Фотографии Алены Бутенко  Олжас Саттыбаев

Фото: Nur.kz

Ақтық айқаста Astana Arlans-қа негізгі жеңісті  + 91 келі салмақта Иван Дычко сыйлады.

Ол Йоханди Тойрак Ортеганы айқын басымдықпен ұтып, Cuba Domadores командасын тізе бүктірді. Жалпы есеп Astana Arlans пайдасында — 6:4! Осылайша, Дүниежүзілік бокс сериясының бесінші маусымында Astana Arlans чемпион атанып отыр.

Айта кетерлігі, бұған дейін бірінші күннің қорытындысы бойынша қазақстандық команда 3:2 есебімен алға шықса, екінші күні біздің боксшылар тура сол жеңіс жолын қайталады.  Атап айтқанда, бокс жекпе-жегінің екінші күні Олжас Сәттібаев сәтті өнер көрсетіп, Йосвани Вейтиа Сотоны тізе бүктірді. Бұдан соң 60 келі салмақтағы Зәкір Сафиуллин Ласаро Хорхе Альварес Эстрадаға жол беріп қойған еді. Ал 69 келіде Асланбек Шымбергенов Роньель Иглесиас Сотолонгоға еш мүмкіндік қалдырмаса, 81 келі салмақтағы кездесуде  Нұрдәулет Жарманов Хулио Сесар ла Крус Перасаға ұтылған болатын. Ал шешуші оныншы кездесуде + 91 келі салмақтағы  Иван Дычко Йоханди Тойрак Ортеганы бес раундта да басымдықпен жеңіп, WSB чемпиондық кубогын иеленуге септігін тигізді.

Осылайша Astana Arlans Дүниежүзілік бокс сериясының екі дүркін чемпионы атанды. Бесінші маусымда Cuba Domadores екінші орынға иеленіп, күміс жүлдегер атанып отыр.

Cuba Domadores осы маусымда финалға дейін ешкімді бет қаратпаған болатын, олардың қарқынын тек Astana Arlans қана тойтарып, қазақстандық боксшылар тағы да өздерінің әлемдік аренадағы мерейін арттыра түсті.

Бір айта кетерлік жайт, Astana Arlans Дүниежүзілік бокс сериясы бойынша екі дүркін чемпион болған алғашқы команда атанып отыр.

Источник: ИА "Казинформ"