Астанаға Paris Kazakspor футбол клубы келді

париждегі футболшы қазақтар Астана. 8 маусым. BAQ.kz – Бүгін таңертең Париж қазақтарының Paris Kazakspor футбол клубының футболшылары Астанаға келді. Олар еліміздің төрт ірі қаласында қазақстандық футбол командаларымен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі. Paris Kazakspor футбол клубының 14 жігіті ертең Елордадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда өнер көрсететін болады. 11 маусым күні Қарағанды қаласында «Шахтердің» қосалқы командасымен сайысқа түсетін қандастарымыз маусымның 15-інде Шымкент қаласына барып, «Ордабасының» қосалқы командсымен кездеспек. 18 маусымда Алматы қаласында турнир өткізетін команданың қарсыластары алдағы уақытта анық болады. 1986 жылы құрылған Paris Kazakspor футбол клубы бүгінде Франция футбол федерациясының 7-лигасында өнер көрсетеді. Қандастарымыз «Париж» және «Иль-де-Франс» кубоктарын жеңіп алған. Айта кетейік, бұл рет Париж қазақ футболшылары Қарағандыдағы «Нәтиже» сүт фабрикасының бас директоры Ерлан Әшімнің және «Otyrar-Group» компаниясының директоры Әбдімәжит Сыздықбеков пен Partners Foundation компаниясының басшысы Тілеужан Тілешовтың демеуші болуымен атажұртта тұңғыш рет ойын көрсеткелі отыр. Майгүл СҰЛТАН