Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен ресейлік Федор Чудинов арасындағы жекпе-жек келер жылдың көктемінде өтетін болды. Бұл туралы ресейлік боксшының промоутері Владимир Хрюнов мәлім етті, деп хабарлайды Bnews.kz.

Боксшының айтуынша ұсынысты Головкиннің менеджері Олег Герман жасаған.
“Ол жекпе-жекті биылғы жылдың күзінде ұйымдастыруды ұсынды. Алайда, бұл біздің жоспарымызға тура келмейді”, – дейді Хрюнов.
Айта кетсек, Федор Чудинов 9 мамыр күні Германияда неміс боксшысы Феликс Штурмды ұпай санымен ұтып, екінші орта салмақтағы WBA Regular тұжырымындағы чемпиондық белбеуді жеңіп алған болатын. Осы кездесуден кейін Чудинов қазақстандық Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлім етті.