Головкин демеушілерге қол жайып отыр
2015 ж. 13 наурыз
2674
1
Геннадий Головкиннің мықты қарсыластармен жолығуына қаржы мәселесі кедергі болуда. Себебі кездесуге мардымды ақша да төленбейді екен, деп хабарлайды Bnews.kz.

Бірнеше жылдан бері қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге лайықты қарсылас табу қиынның қиынына айналды. Сарапшылардың пікірінше, бұған себеп – шаршы алаңда жауырыны жер иіскемеген боксшылар белбеуінен айырылғысы келмейді. Оның үстіне бұған қаржы тапшы екен.
Мәселенің мәнін ашып айтайық. АҚШ жұртшылығы Головкиннің әрбір жекпе-жегін асыға күтіп, оның өнерін қолпаштап отыратыны рас. Дегенмен, түбінде бөтен елдің тумасы болғандықтан, бауырым деп бауырына баса қоймасы да анық. Осы тұрғыдан алғанда, жат елде отандасымыздың жоғын жоқтап, кемтігін түгендеп отыратын қалталы азамат жоқ.
Ал енді "Головкинге даңқты боксшылармен кездесуі үшін қанша қаражат керек?" деген мәселеге тоқталайық. Алғашқы орта салмақта WBC тұжырымындағы әлем чемпионы Мигель Коттоның 3 кездесудегі гонорары – 50 млн долларға тең. Яғни, ол әрбір жекпе-жектен 16-17 млн доллар табыс табады.
Головкин аты әлемге мәшһүр Мигель Котто, Карл Фроч, Флойд Мейвезер, Хулио Сезар Чавес, Питер Куиллин, Андре Уорд сынды беделді һәм белбеулі спортшылармен шаршы алаңда кездескісі келгенімен, қалтаның жұқалығы мұрша бермей отыр
Головкин аты әлемге мәшһүр Мигель Котто, Карл Фроч, Флойд Мейвезер, Хулио Сезар Чавес, Питер Куиллин, Андре Уорд сынды беделді һәм белбеулі спортшылармен шаршы алаңда кездескісі келгенімен, қалтаның жұқалығы мұрша бермей отыр. Сондықтан да Қазақстан атын әлемге паш еткен спортшыға демеулік жасайтын азамат тек қазақтың арасынан шығуы тиіс.