Ардақ НАЗАРОВ: Мақсатым – «Әлем-Файтерс» мектебі арқылы қазақтың атын әлемге таныту

6
5973

– Ардақ аға, әңгімемізді өзіңіздің спорттағы алғашқы жетістігіңізден бастасақ…
– Спортқа бала күнімнен құм­был болдым. Алғашқы жа­рыстарға мектеп жасында қазақша күрестен қатыса бастадым. Ал, ең алғашқы ірі жарыстарға 2001 жылы бапкерім Сағатбек Мұсахатов баптауымен қатыстым. Яғни, 2001 жылы желтоқсан айында Елордамыз Астанада өткен Еуразия біріншілігі менің ең алғашқы қадамым болды. Бұл ең бірінші рет сегіз бұрышты тордың ішінде тек қарсыласпен қалған сәтім еді. Ел намысын арқалап шыққаннан кейін үлкен жауапкершілікті сол кезде сезіндім. Әрі өмірімдегі үлкен бір қорқыныш пен қобалжуды да сол сәтте бастан кешіргенім бар.
– «Әлем – Файтерс» кәсiпқой спорт мектебi қалай ашылды?
– Спорт саласында биік белестерді бағындыру – маңдай тер мен үлкен табандылықты талап ететіндігі белгілі. Әлемдік дәрежедегі жарыстарда топ жарғаннан кейін, өз тәжірибемді өзгелермен бөліскім келді. Қазақтың қарадомалақ балаларын спортқа баулысам деген ойымды бұл күнде Алматы облысы әкімдігінің аппарат басшысы Ғалымжан Әбдірайымовқа айттым. Ол кісі ойымды құп көріп, бірлесіп осы клубты аштық. «Әлем – Файтерс» клубының президенті де осы ағамыз. Ғалымжан ағамыз «қазақтың бір баласын болса да салауатты өмір салтына баули алсақ еңбегіміздің ақталғаны» дегенді жиі айтады.
Осылайша қазақтың жанашыр азаматы Ғалымжан Әбдірайымов ағамыздың қолдауымен 2013 жылдың қазан айының 5-күні «Әлем – Файтерс» кәсiпқой спорт мектебi ашылды.
– Мектептің негізгі мақсаты туралы айтып өтсеңіз…
– «Әлем – Файтерс» деген атау «Әлем жауынгерлері» деген мағынаны білдіреді. Мұн­дағы мақсат – қазақтың қайсар жігіттері әлемді аузына қаратып, жауырыны жерге тимей, жеңіске жетсе деген ниет. Сонымен қатар, өзімнің де азды-көпті өмірден, спорттан алған тәжірибеммен бөлісу.
«Әлем – Файтерс» кәсiпқой спорт мектебiнде бүгінгі таңда олимпиадалық спорт түрi саналатын бiрнеше үйiрме жұмыс істейді. 20-ға жуық спорт түрiнен бапкерлерiмiз біздің мектебімізде спортпен шұғылдануға ниет білдірген балаларды баптайды. Олардың әрқайсысы күрес, дзюдо, бокс, таэквондо, каратэ, грепплинг, джиу-джитсу сынды спорттың түрлеріне өз таңдаулары бойынша бейімделеді. Сондай-ақ мектебімізде таэквондо, дзюдо және муайтай (тай боксы) спорты бойынша қыз балаларға арналған арнайы үйірме де бар.
Сонымен қатар, «Әлем – Файтерс» кәсiпқой спорт мектебi 5 жастан жоғары балалармен қатар, зейнет жасына жақындаған азаматтарға дейін спортқа баулып келеді.


Бұрындары жұрт ережесіз жекпе-жекті ұр да жық деп ұғынған болса, қазір жұрттың спорттың бұл түріне деген көзқарастары өзгерген. Бір кездері тіптен бұқаралық ақпарат құралдары, яғни телеарналар ережесіз жекпе-жекке басбұзарлық ретінде қарап, эфирден беруге келісім бермейтін. Қазір республикалық белді телеарналардың барлығы спорттың бұл түрін насихаттауда ақпараттық тұрғыдан қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан болса керек, бүгінде ережесіз жекпе-жекке қызығушылық танытатындар көбейіп келеді.
– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған осы мектептің ерекшелігі қандай?
– Әлем бойынша спорт саласын дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан клубтар жетерлік. Ал, «Әлем – Файтерс» кәсiпқой спорт мектебi басқа клутбар сияқты спортшыларды әр жерден жинап, өз атымыздан ойнатуға құштар емеспіз. Біз бұлайша ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп өтіп, атымызды тез шығаруға ұмтылмаймыз. Біздің басты ерекшелігіміз – әлемдік дәрежедегі кез келген жарыстарға өзіміздің төл шәкірттеріміздің қатысатындығы. Ол үшін мектебіміздің әрбір азаматы тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізіп келеді. Қарсыластарымыз әлемнің қай мемлекетінен келсе де біздің шәкірттеріміз төтеп береді деген ойдамын. Оған біздің жігіт­теріміздің қайрат-жігері де, ар-намысы да, тәжірибесі де жетерлік.
– Кәсіпқой мектептің филиалдарын шетелдерде ашуды қолға алып жатыр екенсіздер. Қазақстан көлемінде де мектептің ауқымын кеңейту ойларыңызда бар ма?
– «Әлем – Файтерс» кәсiпқой спорт мектебiнің филиалы Қытайдың Құлжа қаласынан ашылған. Ол жақта Жұмабек Тұрсын деген бауырымыз жастарды тәрбиелеп жүр. Жұмабек Қытайда 28 жекпе-жек өткізіп, барлық айқасында жеңіс тұғырынан көріне білді. Сондықтан да оны америкалықтар әлемге әйгілі UFC тұжырымына қатыстыруға мүмкіндік берді. 1,5 млрд. қытайдың ішінен америкалықтардың таңдауы қазақ баласына түскені бекер емес. Бүгінде осы Жұмабек бауырымыз «Әлем – Файтерс» мектебінің Қытайдағы филиалына бас-көз болып жүр.
Алдағы уақытта Қытайда білім алып жатқан қазақ студент­тері, сондағы тұрғылықты қан­дас­тарымыздың да спортпен шұғылдануы үшін Құлжадан өзге ірі қалаларында да бөлімшеміз ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Сол мақсатқа жету үшін күш те салып жатырмыз. Осы күнде АҚШ жоғарыда айтқан әлемдегі ең беделді тұжырымын Қытайда жандандыруға ерекше қарқынмен күш салуда. Американың өзі көз тігіп отырған Қытайда қазақтың «Әлем – Файтерс» клубының филиалдары ашылып жатса, біз үшін үлкен жетістік болмақ.
Ал, Қазақстанға келетін болсақ, мектебіміздің филиалдары Алматы, Атырау, Қарағанды қалаларында жұмыс істейді. Жұмысымыз әзірге аталған қалалар көлемінде жүргізіле береді. Ал, еліміздің әрбір аймағынан «Әлем – Файтерстің» филиалдарын ашу алдағы күннің еншісіндегі шаруа.
– Ардақ аға, мектепке қабыл­да­натын балаларға қандай да бір талап қоясыз ба?
– Бүгінгі біздің қоғамда жат ағымның жетегіне еріп, я болмаса, темекі тартып, арақ ішіп жат қылықтарды жанына серік еткен жастар көптеп кездеседі. Осы тұста оларға дұрыс жол нұсқап, оларды салауатты өмір салтын ұстануға баулу – мектебіміздің басты мақсаты. Біздің мектебімізге келем деушілерді күшті я болмаса, әлісз деп бөліп жармаймыз. Біз спортқа ынтасы бар жігіттердің барлығын қабылдауға әзірміз.
Өкінішке орай, кейбір әлеуметтік желілерден «Ардақ тек албандарын ғана алады» деген пікірлерді де кездестіріп жүрмін. Жүзге, руға бөліну мен үшін жат ұғым. Егеменді елімізде «Бір – тіл, бір – дін, бір – ел» бар десек, онда біздің «тіліміз – қазақ тілі, дініміз – ислам, еліміз – «Мәңгілік ел» деп айтқан болар едім.
– Ал, өзіңіздің көрінбей кетуіңізге не себеп?
– Соңғы уақытта бұл сауал маған жиі қойылып жүр. Бірақ менің жақын күндері спорттан кетейін деген ойым жоқ. Тек «Әлем – Файтерс» спорт мектебінің тізгінін қолға алғалы жауапкершілік жүгі арта түсті. Бұрын жеке өзімді ғана сүйресем, қазір маған қарап бой түзеп келе жатқан 500-ге жуық шәкіртті алға жетелеуім қажет.
Осы тұста мен біздің қашан да қазақ халқымен бірге екендігімізді айтқым келеді. Бүгінгі күні өзіме әлемдік дәрежедегі үлкен жарыс­тарға қатысу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Алдағы уақытта өзіміздің жеңісімізбен қазақ елін қуанта береміз деген ойдамын.
– Биік белестерді бағындырып үлгерген шәкірттеріңіз туралы айтып берсеңіз...
– «Әлем – Файтерстің» жі­гіт­тері ақырындап өзіміз көз­дегендей әлемнің жауын­гер­леріне айналып келеді. Шәкірттерімнің арасында әлемдік жарыстарда шашасына шаң жұқтырмай жүргендері жетерлік. Мәселен, Альберт Алдияров Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында жүлделі 3-орынды, Расул Үмбетов Мәскеуде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында 3 орынды иеленді. Спорттың дәл осы түрінен Арсен Үмбетов 3 орынның иегері атанып, қазақ атын әлемге танытып қайтты.


Сондай-ақ, Стамбул қаласында панкратионнан өткен әлем чемпионатында Елжан Әлиасқар 1-орынды, Өсербай Дәулет 2 орынды иеленді. Ал, Ресейдің Калининград қаласында панкратионнан өткен әлем чемпионатында Сырым Бектұрсын 1 орынды иеленіп жұлдызы жарқырады. Сондай-ақ, Жасұлан Қасымов Венгрияда өткен әлем чемпионатында 3 орынды місе тұтты.
Сонымен қатар, мақтан тұтар шәкірттеріміздің бірі – талантты кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың жеткен биігі ала-бөтен. Ол осы жылдың өзінде 6 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Жанқош кәсіпқой бокста ұзын-ырғасы 16 жекпе-жек өткізіп, ешбірінен жеңілмей келеді. Айта берсек, осындай мақтан тұтар шәкірттеріміз жетерлік.
– Ардақ аға, алдағы жоспар­ла­рыңыз турасында да оқырман қауым біле отырса…
– 23 желтоқсанда Жапонияда «Реал – Файт» тұжырымы бойынша әлемдік гран-при сайысы өтеді. Міне осы сында Асқар, Бейбіт, Бауыржан сынды спортшыларымыз өз бақтарын сынап көрмек. Ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы, бауырым Бейбіт Назаров жарақатына байланысты екі жыл жарысқа түскен жоқ. Бұйыртса Жапонияда Бейбіт жапон спортшысына қарсы айқасады.
Сондай-ақ, қазіргі таңда біздің шәкірттеріміз көршілес Қырғыстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттерде жаттығу жұ­мыстарын жүргізіп, тәжіри­бесін шыңдап жүр. Амандық болса, алдымыздағы 2015 жылдың ақпан, наурыз айларында әлемдік дәрежедегі жарыстарда бірқатар шәкірттеріміз бақ сынамақ.
Бүгінгі күні мектебіміздің жан-жақтағы шәкірттері Алматы қаласында жиналып, негізгі жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Болашақ балуандардың барлығын тікелей өзім қатысып, дайындауға күш салып жатқан жайым бар. Жалпы айтқанда «Әлем – Файтерс» жігіттерінің әрқайсысы әртүрлі дәрежедегі жарыстарға қатысуға дайындалып жүр. Олардың әрбірінен зор үміт күтемін.
– Әңгімеңізге рахмет! Қазақ­тың атын әлемге танытатын шәкірттеріңіз көбейе берсін!
Сұхбаттасқан,
Гүлмира САДЫҚ

6 ПІКІРЛЕР

  1. Молодец Ардак , смотрел ваши бои на ринге,ВЫ хороший боец ,молюсь БОГА что бы ВЫ достигли высоких результатов ,и прославили КАЗАХСТАН. Просто КРАСАВЧИК..

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз