Қанат Ислам Головкинмен жұдырықтасу қисынсыз дейді.

Ел намысын биік ұстап, көк туды мұхиттың арғы бетінде бірнеше мәрте желбіреткен қазақстандық қос боксшыға қатысты ақпарат халық арасында әлі де талқылануда деп хабарлайды 31 арна.

Қанат Ислам Головкинмен жұдырықтасудың қисынсыз екенін айтты Жуырда Қанаттың промоутері Нельсон Лопес "Қанат Ислам Генаға үлкен кедергі және алдағы уақытта онымен жекпе-жекке шығуы мүмкін" дегенді жеткізді. Қоғамда қызу талқыланған жекпе-жек қашан болуы мүмкін? Бүгінге дейін кәсіпқой бокста 18 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Қанат Ислам қоғам талқысына түскен мәселеден хабардар екен. Соңғы кездесуін колумбиялық Монтерросамен өткізген Қанат оны шаршы алаңда сұлатып салған. Кариб аймағы мен Латын Американың чемпиондығын иеленген жерлесіміз енді бір кездесу өткізіп, жеңіске жеткен жағдайда әлем чемпиондығына таласатынын айтты. Ал Генамен қолғап түйістіру жоспарында жоқ екен.

Екеуміз де қазақтың баласымыз, екеуміз де өз еліміздің абыройын қорғап жүрміз.

"Бізде екеумізде де қарсылас жетеді, шынын айтқанда. Екеуміз де шетелде жүріп, көк туымызды көтеріп, елдің намысын қорғағанымыз бұл мен үшін де, Гена үшін де үлкен атақ-абырой деп ойлаймын. Өйткені екеуміз де қазақтың баласымыз, екеуміз де өз еліміздің абыройын қорғап жүрміз", - дейді Қанат. Қанат бұл сөзді Генадан қаймыққаннан айтқан жоқ. Боксшы екі жақтап ел намысын қорғауды көздейді. Ал күні кеше Головкин Астанаға келіп, жанкүйерлермен жолықты. Алдағы жоспарымен бөлісті. Журналистердің Қанат Исламмен қолғап түйістіру жайлы сұрағына Головкин өз жауабын берді. "Қанат екеумізді салыстыру ақылға сыймайды. Біріншіден, салмақтарымыз әр түрлі, екіншіден, оның рейтингісі менен төмен. Әйтпесе, шаршы алаңда кездессе болар еді. Өзі тікелей жекпе-жекке шақырмауы мүмкін", - деді Геннадий Головкин.

Қанат екеумізді салыстыру ақылға сыймайды. Біріншіден, салмақтарымыз әр түрлі, екіншіден, оның рейтингісі менен төмен.

Қалай болғанда да, Қазақстанның қос мақтанышы бір шаршы алаңда жұдырықтасуы екіталай. Осы күнге дейін кәсіпқой бокста 31 мәрте шаршы алаңға шығып, бәрінде жеңіске жеткен, оның 28 кездесуін нокаутпен аяқтаған Геннадий келер жылдың 21 ақпанында Монте Карло қаласында британдық Мартин Мюрреймен қолғап түйістіреді.
Источник: NUR.KZ