Г.Головкин: Қанат Исламмен қазір жекпе-жек өткізу еш қисынға келмейді

Орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдарының чемпионы қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин бүгін Астанада өткізіп жатқан баспасөз мәслихаты барысында қазақстандық боксшы Қанат Исламмен қазір жекпе-жек өткізу еш қисынға келмейтінін алға тартты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

«Бұл әзірге құр әңгіме ғана. Бірақ мүмкін емес ештеңе жоқ. Біз қазір Ислам екеуіміз түрлі салмақ дәрежесіндеміз, сондықтан бұл жекпе-жек қазір еш қисынға келмейді. Ол рейтингте басқа орында тұр», - деді Геннадий Головкин. «Мен Қанатты көптен бері білемін. Біз кездесіп, араласып тұрамыз. Қазір бізді салыстырып немесе қарсы қойып, бұл тақырыпты дамытудың қажеті жоқ», - деп қосты атақты боксшы. Естеріңізге сала кетейік, Қанат Исламның промоутері Нельсон Лопес Геннадий Головкинмен жекпе-жек ұйымдастырғысы келетінін мәлімдеген еді. «Біз чемпиондық белбеуді иеленетін күн алыс емес. Ал Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізу үшін біздің әуелі чемпиондық атағымыз болуы керек. Қазір біз осы тұрғыда белсенді түрде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл жекпе-жек өтіп жатса, тамаша болар еді», - деген болатын Н.Лопес.

Айымгүл ӘБІЛЕВА
BNews.kz