Дурбан қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы чемпионатында қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова 18 жастағы ересектер категориясында алтын медаль жеңіп алды.
Бұл туралы Шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Қазақпарат хабарлайды.
Динараның қарсыластары - мықты деген 65 шахматшы қыз, 42 елдің чемпиондары. Ойын нәтижесінде спортшы 11 ұпайдың 10-ын жинады. Осылайша, Динара өзімен бірге турнир бойы бәсекелескен германиялық Osmanodja Feliz-дан бір жарым ұпайға алға озды. Үшінші орынды 8 ұпаймен қытайлық Xiao Yiyi алды.
Айта кетейік, әлемдік титул - елордалық шахматшы қыздың қоржынындағы үшінші ірі жүлде. Ол 14 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанған болатын.
Айту керек, Динара Азия мен әлемнің үш дүркін вице-чемпионы. 2014 жыл - Динара үшін сәтті жыл болды.
Халықаралық жарыстардағы, сондай-ақ, Норвегиядағы Олимпиаданың керемет нәтижелері мен Дурбандағы әлем чемпионатының алтын медалі Динараға әлемнің 100 мықты шахматшы қыздарының тізімінде 53-орынға жайғасуға мүмкіндік берді.