Футболдан Әлем құрамасының ойыншылары түнгі рейспен Алматыға ұшып келді.
Бұл туралы
"Қазақпарат" хабарлайды.
Луиш Фигу, Фабио Каннаваро, Паоло Мальдини, Алессандро Неста, Андрей Шевченко, Хавьер Занетти, Кларенс Зеедорф, Эдгар Давидс, Йенс Леманн, Франческо Тольдо, Дуайт Йорк, Сержиньо, Кристиан Вьери, Кристиан Пануччи, және басқа да ойыншыларды әуежайда футбол жанкүйерлері зор қуанышпен қарсы алды.
Кейбір жанкүйерлер өздерінің пір тұтатын футболшыларымен суретке түсіп те үлгерді. Тіпті оларды қонақ үйге дейін шығарып салғандар да болды.
Естеріңізге сала кетелік, бүгін Алматы қаласының Орталық стадионында "Қайрат" футбол клубының аты аңызға айналған ойыншыларымен Әлем құрама командасы арасында қайырымдылық жолдастық кездесу өтеді.
Бұл "Жұлдыздар матчы" "Қайрат" футбол клубының құрылғанына 60 жыл толуына арналады. Ойын кешкі сағат 20:00-де басталады.
Ал оның алдында сағат 19:00-де матч алдында концерттік шоу болады.
Билеттер әлі сатылымда бар және оларды тек Орталық стадионның кассаларынан ғана алуға болады.