Сабина Алтынбекова ата-анасын жүгіртіп қояды!..
2014 ж. 07 тамыз
3780
0
Сабина Алтынбекованың ата-анасы қыздарының аяқ асты танымалдылығына қатысты пікір білдірді. Ақтөбеге сирек келетін қызын күлімдей есіне алған анасы Нұрипа Алтынбекова оның бірқатар қылықтарымен бөлісті деп хабарлайды BNews.kz.
"Қазір Сабина Алматыда тұрып жатыр, "Алматиночка" волейбол клубында жаттығуда. 16 жасында спорт шебері кандидаттығын алды. Уақытының тығыздығына байланысты бізге сирек келеді. Келген күннің өзінде бізді таңғы 6-дан оятып, жүгіртіп қояды. Сосын бәріміз тұрып, әуежайға дейінгі жол бойымен жүгіреміз", - дейді қызын сағынышпен есіне алған анасы.
"Үш қызымыз да мақсат қойып, оған жету жолында аянбайды. Сабинаның үлкен әпкесі бар, жақында тұрмысқа бергелі жатырмыз. Және 4 жасар кіші сіңілісі бар. Қазірден бастап оның бойында спортқа деген икемділік байқалады. Сабина келген сайын сіңілісін жаттықтырып, доп қағып алуға үйретеді, және ол да болашақта спортпен айналысса екен дейді", - деп әңгімеледі Нұрипа Алтынбекова.
Ата-анасының айтуынша, спортқа, волейболға деген сүйіспеншілігінің арқасында Сабинаға "волейболдың патриоты" деген атақ берілген. Оны Ақтөбедегі алғашқы жаттықтырушысы Анатолий Уренко қойған. Дәл сол Уренконың командасында жүріп жеткен жетістіктерінің арқасында Сабина қарағандылық және астаналық клубтарға шақырту алады. Қазір ол Алматыда Анатолий Дьянченко мен Людмила Перевертованың дайындауымен жаттығып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық жас спортшы қыз ешқандай атағы жоқ әлемнің ең сұлу бес спортшысының қатарына іліккен болатын. Волейболдан 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатында отандық команданың запастағы ойыншылары ішінде отырған Сабина Алтынбекова азиялық спорт БАҚ-тарының көзайымына айналып, аяқ асты жұлдыз болып шыға келді.
Қыздарының мұншалықты танымал болғанына ана-анасы да аң-таң. Себебі олар қыздарының заңгер болғанын қалаған екен.