ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АЛТЫН КУБОГЫН ГЕРМАНИЯ ЖЕҢІП АЛДЫ!

ger

НЕМІС МӘШИНЕСІ ОСЫМЕН 4-ші рет ЕЛІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ЕТТІ! 
Ойын тағдырын аргентиналық Месси секілді жекелеген дарабоздар емес, жалпы тұтас командалық паравоздар - неміс мәшинесі шешті.  Қосымша уақытта алтын голдың иесі - 19-шы нөмірлі 22 жасар алтын бала Гетце (суретте) болды! Финалға ұшып келген Германия канцлері Ангела Меркельдің мерейі үстем болды!  Ангела ханымның  үш күннен соң 60-қа толатын мерейлі тойына (17 шілде)  неміс футболшылары  ең үлкен тарту - әлемнің Алтын кубогын сыйлады! Бір қызығы, біздің зерделеуіміз бойынша,  Ангела Меркель дүниеге келген 1954 жылы  да- Германия алғаш рет футболдан әлем чемпионы болып, Алтын кубокты иеленген!.. 
Германия құрамасы сол жылы УЕФА мүшесі болған.

Неміс құрама командасы  жалпы 1954, 1974, 1990 жылдары және бүгін 2014 жылы 13 шілдеде  4 рет әлем чемпионы атанды. Ал кеше 12 шілде күні Германия құрамасының бас бапкері  Йоахим Левтің құрама тізгінін қолына алғанына 8 жыл толды!

ГЕРМАНИЯНЫҢ БАС БАПКЕРІ САЛҚЫНҚАНДЫ ЙОАХИМ ЛЕВ ЧЕМПИОНАТ ӨТКЕН БІР АЙ БОЙЫ ТЕК БҮГІН ҒАНА ТҰҢҒЫШ РЕТ РИЯСЫЗ ДА, РИЗА КӨҢІЛМЕН ЖАРҚЫЛДАЙ КҮЛДІ!  БҮКІЛ ГЕРМАНИЯ БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА ШАРЫҚТАУДА!

Өкінішке орай, менің 11 шілде күні Алматы телеарнасына берген болжамымның екеуі де расқа айналды... ( "Қазақстан жұлдыздары Германияға үміт артуда."  www.almaty.tv/kz/) . Германия жеңді және мен айтқан бір доп айырмашылығымен: 1-0 есебімен ұтты.  Табанды қарсылық және жақсы ойын көрсеткен Аргентина үшін, осы әлем чемпионатының ең үздік шабуылшысы аталған Месси үшін өкінішті! Ең үлкен өкініш, ел күтпеген сенсация - әлемнің 5 дүркін чемпионы, теңдессіз Бразилияның өздері чемпионат өткізіп отырып, Германиядан 7-1 есебімен масқара болып қирай жеңілуі! Әрине, әлем чемпионаты осындай  әсіре әсерлерімен қызықты да шыжықты! 2018 жылы Ресейде өтетін ендігі әлем чемпионатында қазақ футболшылары да жасыл алаңда жарқылдаса екен деген зор арманымыздың орындалуын тілейік!

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz