ӘЧ-2014: Марадона чемпионат төрешілерін сынады...

Астана. 5 шілде. Baq.kz – Аргентинаның аты аңызға айналған шабуылшысы Диего Армандо Марадона ширек финалдық Бразилия-Колумбия ойынына төрелік еткен арбитрлер құрамын қатаң сынға алды деп хабарлайды A Bola басылымы. Форталеза қаласындағы "Кастелан" стадионында өткен матчта бас төреші испандық Карлос Веласко Карбальо болғанын естеріңізге сала кетейік. "Арбитрдің төрелігін спорттағы апат деп айтар едім. Бұдан өзге теңеу жоқ, мен әліге дейін таң қалып отырмын. Ойын біткеннен кейін ФИФА оны сәтті төрелік еткенімен құттықтады. Олар алдымен өздері осы матчты көріпті ме? Футбол емес қой бұл..." деді Марадона тілшілерге берген сұхбатында. Ол сондай-ақ, Бразилия құрамасын жеңісімен құттықтай отырып, "Фернандиньоның бұзған ережелерін төреші мүлдем байқаған жоқ және өз айып алаңында қарсыластар ойыншысын шалып жыққан қақпашы Жулио Сезарға арбитр "қызыл" қағаз көрсетуі тиіс болатын" деп өз ойын жеткізді. Марадонаның айтуынша, кешегі кездесуде бразилиялықтар осы чемпионаттағы ең тартымды ойын үлгісін көрсете білген. Айта кетейік, кеше ширек финалда Колумбияны 2:1 есебімен жеңген пентакампиондар жартылай финалда Германиямен күш сынасатын болады. baq.kz