"Барселона" Суаресті 90 млн еуроға сатып алмақшы

Испанияның "Барселона" футбол клубы Уругвай құрамасының шабуылшысы Луис Суаресті қатарына алу туралы "Ливерпульмен" келісімге отырды.

Бұл туралы Лента.ру Cadena Ser басылымына сілтеме жасап хабарлайды, деп жазады bnews.kz.

Каталон клубы 27 жасар форвардқа 90 млн еуро төлемекші. Осылайша, бұған дейін болжанғандай, чилиялық шабуылшы Алексис Санчес келісімге ілікпей, тыс қалды. Енді Санчес "Арсенал" құрамына кіруді жоспарлап отыр.

Айта кетерлігі, Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Италия құрамасының қорғаушысы Джорджо Кьеллиниді тістеп алған Суарестің жаман әдеті "Барселона" басшылығын мүлде мазаламаса керек.

Естеріңізде болса, ФИФА шешімімен, қияңқы шабуылшы Уругвай құрамасының тоғыз матчнен шеттетіліп, төрт ай ішінде оған футболмен айналысуға тыйым салынған болатын.

Алайда Суарес басқа клубқа ауысу үшін медициналық тексерістен өтуге және маусымаралық жаттығуларға қатысуға құқылы. Өткен маусымда "Ливерпуль" үшін 33 кездесуде 31 ұпай әкелген Суарес Англия чемпионатының үздік бомбардирі атанды.