Уругвай құрамасының форварды Луис Суарес ойын барысында қарсыластарын тістеп алуды әдетке айналдырды. Әйгілі футболшының мұндай әрекеті осымен бірнеше рет қайталанып отыр.
Биылғы чемпионатта Суарес Италия құрамасының ойыншысы Джорджо Кьеллинидің иығынан қыршып алған болатын. Аяқ доп шеберінің жұртқа түсініксіз "тентек" қылық жасауының себебін оның әжесі Лила Рене Пирис түсіндірді.
"Луис бала кезінде бұзық болған емес. Төбелеске де жаны құмар емес-тін. Ол өте ақылды бала болып өсті. Немеремнің мұндай қылығын өзім де әлі күнге дейін түсіне алмай келемін. Луис бақытты өмір сүру үшін барлық жағдайын жасады. Оның тістейтін әдеті балалық шағының қиын өткендігінен болуы мүмкін деп ойлаймын. Ата-анасы ертеректе айырылысып кеткендіктен, оның толыққанды балалық шағы болмады",- деп келтіреді Пиристің сөзін Sport интернет-басылымы.
Айта кетейік, Луис Суарес Әлем чемпионатында итальяндық футболшы Джорджо Кьеллиниді тістеп алғаны үшін 9 ойынға және ФИФА тарапынан 4 айға футболдан шеттетілген болатын.
lite.bnews.kz