"Қазақстан барысы" Мұхит Тұрсыновқа пәтер мен машинаның кілттері тапсырылды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа Қазақстан барысына пәтер мен машинаның кілттерін тапсырды.

"Қазақстан барысы-2014" республикалық турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсыновқа салтанатты қошемет көрсетілді.

Қазақ күресінен чемпиондық атақты екі жыл қатарынан ШҚО тумалары жеңіп алып отыр, деп хабарлады облыс әкімінің ақпараттық орталығы.

"Бүгінгі оқиға - біз үшін, шығысқазақстандықтардың барлығы үшін мереке. Міне, осымен екінші рет біздің жерлестеріміз чемпиондық белбеуге ие болып отыр. Бұл - зор мақтаныш, Мұхитты жеңісімен құттықтаймын", - деген ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа қазақстандық барысқа пәтер мен машинаның кілттерін тапсырды.

Мұхиттың өзі үшін мұндай додадарда ШҚО намысын қорғау өте үлкен жауапкершілік болған.

"Маған үлкен міндет жүктелді, Айбек Нұғымаровтың жеткен жетістігін қайталау керек болды, халық бізді шығарып саларда батасын беріп, жеңіске деген сенімімізді орнықтырды. Енді менің жоспарым Азия, "Еуразия барысы" чемпионаттарына қатысып, еліміздің намысын қорғау", - деп әңгімеледі Мұхит Тұрсынов.

Сонымен бірге шығысқазақстандықтар өткен жылғы чемпион - "Шығыс барысы" Айбек Нұғымаровты және жарыс жүлдегері Шалқар Жоламановты қошеметпен қарсылады. Читать полностью:  http://news.nur.kz/kk/320075.html

Казинформ