Мұхит Тұрсынов «Қазақстан Барысы-2014» жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Астанадағы "Сарыарқа" кешенiнде "Қазақстан Барысы-2014" атағы үшiн қазақ күресiнен республикалық турнир өттi.Ақтық сында Қарағанды облысының өкiлi Асыл Бәрменов пен Шығыс Қазақстан намысын қорғаған Мұхит Тұрсынов белдескен болатын. Мұнда екi палуан да бiрiн-бiрi ала алмай, негiзгi уақытты итжығыспен аяқтаған.Қосымша минут белгiленген соң, қарсыластар қоян-қолтық сайысқа түстi. Ол белдесуде шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов өз қарсыласын белдiгiнен көтерiп алып, алаң сыртына шығарып жiбердi. Қола жүлде "Сыр барысы" Руслан Әбдiразақовқа бұйырды. Үшiншi орын үшiн таласта ол "Талас арланы" Дәулетхан Жақыповты (Жамбыл облысы) тiзе бүктiрдi. Дегенмен Дәулетхан Жақыпов көрермен көзайымына айналып, су жаңа автокөлiкке ие болды. Айта кетейiк, "Қазақстан Барысы" атағының иегерi 150 мың АҚШ долларын және алтын "Тайтұяқ" ұтып алды.